Қазақстан Олимпиада кезінде әлеуметтік желідегі белсенділік бойынша үздік атанды

Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары кезінде Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің (ҰОК) әлеуметтік желідегі парақшалары халықаралық рейтингте ең жоғары нәтижелердің бірін көрсетті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
IRIS Sport ұйымы жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақстан ҰОК Instagram желісіндегі жарияланымдардың орташа белсенділігі бойынша бірінші орынға шықты.
ANOC Social Media Dashboard жобасы аясында дайындалған рейтингте отандық комитеттің әр жазбасында орта есеппен 24 583 белсенділік тіркеліп, бұл көрсеткіш әлемдегі барлық Ұлттық Олимпиадалық комитеттер арасындағы ең үздік нәтиже болды.

Қазақстан ҰОК контенттің санына емес, сапасы мен тиімділігіне басымдық бере отырып, әлеуметтік желілердің жалпы тиімділігі бойынша да жоғары сатыдан көрінді:
- Engagement Rate (қатысу деңгейі): 118,9% құрап, әлемдік рейтингте 4-орынға тұрақтады.
- Орташа белсенділік: Барлық платформаларды қоса есептегенде, бір жарияланымға орта есеппен 1,26 мың белсенділік жиналды.
- Аудитория көлемі: Олимпиада кезінде Қазақстанға қатысты желілердің жалпы аудиториясы 7,78 млн жазылушыға жетті (+112 мың жаңа қолданушы немесе +4,05%).
- Тартылыс көрсеткіштері: Жарияланымдар жалпы 9,25 млн белсенділік жинаса, бейнематериалдар 34,1 млн рет қаралды.
Аудиторияны баурап алған контент формуласы
IRIS Sport зерттеуі көрсеткендей, Олимпиада-2026 кезінде көрермендерге ең алдымен спортшылардың шынайы эмоциясы, қуанышы, жарысқа дайындығы, жеке оқиғалары және Олимпиаданың тасада қалған сәттері ұнаған.
Қазақстан ҰОК дәл осы тәсілді ұстанып, спортшылардың өзін контент дайындауға белсенді қатыстырды. Әсіресе Instagram желісіндегі бірлескен (коллаборациялық) жарияланымдар аудитория ауқымын кеңейтуге зор ықпал етті.
Айта кетейік, Италиядағы Олимпиадада Қазақстан құрамасының атынан 36 спортшы 10 спорт түрінде сынға түсті. Медальдық есепте ел құрамасы бір алтын жүлдемен 19-орынға тұрақтады.