Қазақстандық компания АҚШ-тың Иран авиациясына салған санкциясына ілікті

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Қазақстандық компания АҚШ санкциясына ілікті / Фото: shutterstock.

АҚШ Қаржы министрлігі Иранның авиация саласына көмектесті деген айыппен 36 компанияны санкция тізіміне енгізді. Олардың арасында Қазақстанда тіркелген Tour Invest ЖШС-ы бар, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Тізім Дональд Трамп әкімшілігі Тегеранға қарсы жойқын экономикалық санкция салатынын ескерткен соң шыққан.

Америка билігінің мәліметінше, бұл ұйымдар АҚШ-та жасалған ұшақтар мен құпия технологияларды Иранға жасырын жеткізу, әскери жүк пен кадрларды тасымалдау үшін арадағы дәнекер ретінде пайдаланылған.

Ал Tour Invest серіктестігі малайзиялық Icargo фирмасымен бірге санкция астындағы Mahan Air иран әуе компаниясының «сатылым бас агенті» ретінде әрекет еткен көрінеді.

Adata дерегі бойынша, туроператор ретінде тіркелген компания 2014 жылы құрылған. Директоры ретінде Зиаи Бабак Әли көрсетілген. Зиаи Бабак Али сондай-ақ компания құрылтайшыларының бірі. Оған қоса Алматыда «Иран бизнес орталығына» иелік етеді. Фирманың тағы бір иесі – Аңсар Дүйсенғалиев.

Бұл тасымалдаушы шектеуге қарамастан Таяу Шығыс пен Қытайға рейстерін жалғастырып келген.

Бұдан бөлек, Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркияның да фирмалары арадағы делдалдар арқылы АҚШ-та есептен шығарылған кемінде үш Boeing-777 ұшағын Иранға өткізуге жәрдемдескен.

Қалған компаниялардың басым бөлігі – Иранның өз әуе тасымалдаушылары. Сонымен қатар АҚШ-тың Қаржы қылмыстармен күрес агенттігі (FinCEN) банктерге бұл сектормен жұмыс істеу баллистикалық зымырандар мен дрон бөлшектерін заңсыз сатып алуға ықпал ететінін ескертті.

АҚШ пен Иран арасындағы соғыс алты айдан бері жалғасып келеді. Келіссөздер нәтиже бермеген соң Вашингтон Тегеранға қаржылай қысымды күшейтіп, өзге елдерді Иранмен сауда байланысын тоқтатуға шақырды. Мұндай талапты орындамаған мемлекеттерге қайталама санкция енгізілуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз