«Астана» футбол клубы футболшыларға айлық төлей алмай отыр

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: Астана футбол клубы

«Астана» футбол клубы желіде тараған қаржылық қиындықтарға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kursiv.Media. Клуб басшылығы негізгі құрамдағы бірқатар футболшылар алдында келісімшарттық міндеттемелер бойынша қарыздың бар екенін және ойыншылардан ұжымдық өтініш түскенін растады.

Елордалық клуб жанкүйерлерге, серіктестерге және футбол қауымдастығына жағдайды түсіндіріп, футболшылардың ұстанымына түсіністікпен қарайтынын жеткізді.

Клуб басшылығының ресми ұстанымы

Қаржылық қиындықтарға қарамастан, команда құрамы мен бапкерлер штабы өздерінің кәсіби міндеттерін толық көлемде орындап келеді.

«Қалыптасқан қаржылық қиындықтарға қарамастан, футболшылар мен жаттықтырушылар штабы ұзақ уақыт бойы өздерінің кәсіби міндеттерін толық орындап, жаттығу үдерісіне және ресми матчтарға қатысып, алаңда «Астана» ФК мен Қазақстан астанасының намысын абыроймен қорғап келеді.

Клуб команда мүшелерінің сабырлылығын, жауапкершілігі мен кәсібилігін жоғары бағалайды. Қалыптасқан жағдай футболшылардың Клубқа, оның жанкүйерлеріне және спорттық мақсаттарына деген адалдығына күмән келтірмейді», – делінген «Астана» ФК мәлімдемесінде.

Елордалық клуб жақын арада түйткілді мәселелерді шешіп, қаржылық міндеттемелерді реттеу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді

Айта кетейік, 12 қыркүйек күнi «Астана» Шымкентте жергілікті «Ордабасыға» қарсы маңызды матч өткізуі тиіс.

Бұған дейін әлеуметтік желіледе елордалық клуб футболшылары жалақының кешігуіне байланысты наразылық білдіріп, бұл ойынға қатысу үшін Шымкентке барудан бас тартып жатқаны туралы ақпараттар тараған болатын. Клубтың бұл мәлімдемесі дәл осы қаңқу сөздер мен ішкі дағдарысқа байланысты ресми жауап ретінде жарияланды..

Оқи отырыңыз: Қазақстан футбол клубтары қанша салық төледі

Сондай-ақ оқыңыз