Қазақстандықтар енді Әзербайжанға паром арқылы қатынайды

Қазақстандықтар енді Әзербайжанға паром арқылы қатынайтын болды. Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байелдің айтуынша, Қазақстан тарапы Әзербайжанға Құрық – Баку – Құрық порттары паром желісінде жолаушылар тасымалын қайта бастауды ұсынды, деп хабарлайды Kursiv Media.
2020 жылға дейін жүзеге асырылған бұл тасымалдар COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтатылған болатын.
Әлім Байел паром арқылы тасымалдау тоқтағанға дейін Каспий теңізі арқылы жылына 1500-ге жуық жолаушы жүргенін атап өтті. Ол алдағы уақытта осы бағыт бойынша саяхаттауға ниет білдірген жолаушылардың саны артатынына сенім білдірді.
Паром желісін қайта іске қосу екі ел арасындағы жолаушылар қатынасының дамуына серпін береді. Туристер ағынын көбейтіп, орта дәліздің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Әзербайжан Қазақстанның ұсынысын қолдаған. Қазіргі уақытта екі елдің көлік ведомстволары жолаушылар қатынасын шұғыл қалпына келтіру бойынша жұмыстарды бастап кетті.
Бүгінде Баку мен Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау сияқты қалалары арасында аптасына 37 әуе рейсі қатынайды.
Тағы да оқыңыз: Әлиев Қазақстан мен Әзербайжан қарым-қатынасын дамытудағы Тоқаевтың рөлін атап өтті