АҚШ – Иранның танкерлеріне, ал Тегеран Иорданиядағы әскери базаға соққы жасады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
unsplash, бильд-редактор: Милош Муратовский

АҚШ күштері сейсенбі күні Иранның бес мұнай танкеріне соққы берген. Олардың біреуі суға батып кеткен.

ВВС ақпаратына қарағанда, бұл туралы АҚШ Орталық қолбасшылығы (Centcom) хабарлаған.  

Америкалық әскери ведомствоның мәліметінше, соққы Оман шығанағында орналасқан және Ислам революциясы сақшылар корпусымен (КСИР) байланысы бар Иранның төрт мұнай танкеріне бағытталған. Бұдан бөлек, Иран жағалауындағы ірі мұнай терминалы орналасқан Харг аралы маңындағы тағы бір танкерге шабуыл жасалған.

Бұған жауап ретінде Тегеран Иорданиядағы америкалық әскери базаға зымырандар ұшырды. Иордания тарапы олардың басым бөлігін атып түсіргенін мәлімдеді. Сонымен бірге Иран Ормұз бұғазында АҚШ-тың екі кемесіне және сегіз мұнай танкеріне шабуыл жасағанын хабарлады.

Соңғы аптада АҚШ пен Иран арасындағы өзара шабуылдар айтарлықтай күшейді. Бұл АҚШ пен Израильдің 28 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастағанынан кейін алты айдан астам уақыт өткен тұста болып отыр.

Қақтығыстың күшеюі мұнай нарығына да әсер етті. Азиядағы сауда барысында Brent маркалы мұнайдың бағасы 1,5%-ға өсіп, барреліне 99,35 долларға жетті. АҚШ нарығында мұнай бағасы 1,3%-ға қымбаттап, барреліне 94,23 доллар болды.

Сондай-ақ оқыңыз