Бөліп төлеуге алынған қарыздың бәрі несие тарихында жазылуы мүмкін

Қазақстандықтардың бөліп төлеу мен BNPL (Buy Now, Pay Later – қазір ал да, кейін төле) арқылы алған қарызы несие тарихында көрсетіле бастауы мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ұлттық банк бөліп төлеу мен BNPL нарығына талдау жасап, дискуссиялық құжат дайындаған.
Соған сәйкес, Ұлттық банк пен ҚНРДА қаржылық емес ұйымдар беретін мұндай қарызды ашық көрсетуді ұсынып отыр. Бұл «жасырын қарыз жүгін» шектеп, банктерге клиенттің нақты төлем қабілетін дәл бағалауға мүмкіндік бермек.
Қазіргі кезде қаржылық емес ұйымдар ұсынатын бөліп төлеу немесе BNPL қарыздар көбіне азаматтардың несие тарихына түспейді. Соның салдарынан банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) жаңа заем берген кезде адамның нақты қанша қарызы бар екенін көре алмайды.
«Мұндай тәжірибе халықтың жасырын кредит алуының өсуіне ықпал етеді, өйткені бұл қарыздар кредиттік бюроларда көрсетілмейді. Бұл азаматтардың төлем қабілеттігін объективті бағалауға кедергі келтіріп, қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіреді және қарыз алушылардың нақты кірістерінен асатын борыштық жүктеменің бақыланбай өсуіне ықпал етеді», – делінген құжатта.
Қазір алып, кейін төле
Құжатта атап өтілгендей, BNPL – бұл тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алу мүмкіндігі. Әдетте мұндай өнімдерде нақты пайыз болмайды, ал өтеу мерзімі 4 айдан 12 айға дейінгі қысқа мерзімді қамтиды.
Әрі тауарды сатып алғанда кәдімгі кредиттегідей несие шарты жасалмайды, клиенттің қаржы жағдайы егжей-тегжей тексерілмейді.
Әлемдік тәжірибеде бұл өнімді банктер емес, финтех-компаниялар – BNPL-провайдерлер дамытқан. Олар пайыздық мөлшерлемеден емес, сатушылар мен сатып алушылардан алатын комиссия мен мерзімі өткен төлемдер үшін қолданылатын айыппұлдардан табыс табады.
Қазақстанда бұл нарық өзгеше қалыптасты: бөліп төлеуді бастапқыда банктер сауда алаңдары мен маркетплейстерінде енгізді. Банктік бөліп төлеудің сомасы мен мерзімі классикалық BNPL өнімдеріне қарағанда жоғары болды.
Кейіннен бұл бәсекеге қаржылық емес ұйымдар қосылды. Олар халықты тікелей қаржыландыра алмағандықтан, мәмілелерді сатып алушылардың міндеттемелерін сатып алу (факторинг) шарты арқылы рәсімдей бастады.
Реттеушінің пікірінше, мұндай жүйенің өз тәуекелдері бар. Бөліп төлеуді рәсімдеудің оңайлығы азаматтардың қарыз жүгін арттырады.
Сонымен бірге жасырын төлемдер мен айыппұлдардың мөлшері, төлем қабілеттілігінің толық тексерілмеуі – қарыз қайтарылмай қалады деген қауіп тудырады.
Тауарды бөліп төлеу арқылы сатып алудың әлеуметтік маңызы бар екенін ескерген Ұлттық банк нарықты шектемейді. Басты міндет – қаржылық тұрақтылыққа төнетін қауіптердің алдын алу, ақпаратты ашу арқылы нарық ауқымын бағалау және тұтынушылар құқығын қорғау талаптарын біріздендіру.
Кейінгі жылдары тауарды пайызсыз бөліп төлеуге алу тұтынушылық несиенің ең жылдам дамып келе жатқан сегментіне айналды. Бөлшек несие алушылардың 63%-ы «рассрочка» рәсімдеген. Бұл – жоғары көрсеткіш. Көп жағдайда мұндай қарыз күнделікті тұрмыстық тауарларды сатып алуға бағытталған.