Астанада 5 шақырым жүгіргендер шетелге жолдама ұтып ала алады

Астанада спорт пен туризмді қатар насихаттайтын ерекше шара өтеді. 19 қыркүйекте Орталық саябақта ұйымдастырылатын бұқаралық жүгіруге шамамен 700 адам қатысады. Жарысқа қатысушылар елорданың тарихи бөлігін бойлай 5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Шара Kazakhstan Travel Forum 2026 халықаралық форумы аясында ұйымдастырылады. Оған кәсіби спортшылармен қатар арнайы дайындығы жоқ әуесқойлар да қатыса алады.
Жүгіру бағыты қай жерлермен өтеді
Қатысушылар Астананың оң жағалауындағы көрікті орындар арқылы өтетін бағытпен жүгіреді. Маршрутқа тарихи-сәулет ескерткіштері, жасыл саябақтар мен елорданың өзіндік келбетін танытатын маңызды нысандар енгізілген.
Осылайша, шара қатысушыларға спортпен айналысып қана қоймай, қаланың тарихи бөлігін өзгеше қырынан көруге мүмкіндік береді.
Қатысушыларға берілетін сыйлықтар
Жүгіруге тіркелген әр адамға арнайы бастапқы жинақ табысталады. Оның ішінде:
- жеке жүгіру нөмірі;
- фирмалық су бөтелкесі;
- «Туристік Қамқор» мерейтойлық естелік медалі бар.
Ал белсенді демалысты ұнататындар үшін форум серіктестері арнайы сыйлықтар ұтысын ұйымдастырады.
Бас жүлде Вьетнамға жолдама
Ұтысқа туристер үшін тартымды бірнеше сыйлық қойылған. Олардың арасында Вьетнамға жолдама, Ыстанбұлға ұшақ билеттері және Rixos Borovoe қонақүйінде демалу мүмкіндігі бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – спортты бұқаралық сипатқа шығарып қана қоймай, ішкі және белсенді туризмге қызығушылықты арттыру.
«Бұл іс-шара арқылы белсенді демалыстың елдегі ішкі туризмді өркендетудегі маңызын көрсеткіміз келеді», – деді «Туристік Қамқор» КҚ төрайымы Инна Рей.
«Туризм – баршаға ортақ» бұқаралық жүгіру шарасы 19 қыркүйекте Астананың Орталық саябағында өтеді. Іс-шара Kazakhstan Travel Forum 2026 бағдарламасындағы негізгі оқиғалардың бірі болмақ.
Еске салайық жуырда Астанада «Night Run» бұқаралық түнгі жүгіру іс-шарасы өткен болатын.