Зеленский отырған ұшаққа ресейлік дрон шабуыл жасай жаздады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: BBC

Украина президенті Владимир Зеленский Кишеневтен Норвегияға ұшар сәтте ресейлік дрон Молдованың әуе кеңестігіне кіріп кетті, деп хабарлайды Kurisv.Media BBC-ге сілтеме жасап.

Сәрсенбі, 9 қыркүйек күні Зеленский 89 жасында өмірден өткен Норвегия королі Харальд V-ті жерлеу рәсіміне қатысты. Азалы шарадан соң ол Исландияға аялдап, одан әрі Канадаға аттанды.

Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре NRK ұлттық хабар таратушысына берген сұхбатында:

«Ол Молдовадан ұшар сәтте ұшағына дрон тиіп кете жаздады. Бұл – оған күнделікті бетпе-бет келуге тура келетін ащы шындық», – деп мәлімдеді.

Украина Президенті офисіндегі AFP агенттігінің дереккөзі бұл жағдайды «асыра сілтеушілік» деп атағанымен, дронның Молдова мен Румыния әуе кеңістігіне кіруіне байланысты дабыл қағылғанын растады. Ал Financial Times (FT) басылымының президент ұшағында болған куәгері Норвегия премьерінің сөзін растап, бұл реактивті қозғалтқышы бар «шахед» типті ресейлік дрон болуы мүмкін деген болжам жасады.

Сонымен қатар FT сұхбаттасқан аты-жөні көрсетілмеген украиндық шенеунік дронның президент ұшағына тым жақын келгенін, сондықтан нысана ерекше бағытталған болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Оның айтуынша, Зеленский дронды атып түсіру үшін украиналық F-16 жойғыш ұшағын әуеге көтеруді ұсынған. Қазіргі уақытта украин тарапы бұл оқиға бойынша тергеу бастады.

Норвегияның Қаржы министрі әрі НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы Йенс Столтенберг те Зеленскийдің бұл оқиғаны өзіне айтып бергенін растап, ұшақтың шынымен де қауіпті жағдайда болғанын атап өтті.

Молдоваға кірген алғашқы дрон емес

Сейсенбіде Молдова әуе кеңістігіне екі ресейлік дрон кірген. Біреуі Кишиневтің солтүстігіндегі алқапқа құлап, өртке ұласса, екіншісі ары қарай Румыния аумағына өтіп кеткен. FT басылымы шолу жасаған әуе қозғалысының мәліметтері бойынша, реактивті дрон шекараны сағат 16:20-да кесіп өтіп, Румыния аумағына 70 шақырымға дейін тереңдеп кірген. Кейін сағат 17:04-те Молдоваға қайта оралып, Стурзены ауылының маңында радардан жоғалған.

Молдова Президенті Майя Санду ресейлік дрондардың басып кіруін «адам өміріне төнген тікелей қауіп» деп айыптады.

Еске сала кетейік, Норвегия астанасы Ослода 89 жастағы король Харальд V-мен қоштасу рәсімі өткен еді. Жерлеу рәсіміне Еуропадағы патша әулеттерінің өкілдері мен мемлекет басшылары қатысты.

Сондай-ақ оқыңыз