Ұлттық құрама формасы сатылмайды: министрлік ресми мәлімдеме жасады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Туризм және спорт министрлігі

Интернетте Қазақстан ұлттық командасының формасы сатылып жатыр. Дегенмен Туризм және спорт министрлігі ресми форманың ашық түрде сатылмайтынын мәлімдеп, ресми хабарлама жасады. Бұл туралы Kursiv Media хабарлайды.

Ұлттық құрама спортшыларына арналған формаларды онлайн платформалардан іздестіріп көрдік. Olx-те Қазақстан құрамасына арналған толық жабдықты 65 мың теңгеге де табуға болады екен.

фото: Olx.kz

Бірақ Туризм және спорт министрлігі ұлттық құрама формалары ресми сатылмайтынын мәлімдеді. Жиынтық әр спортшыларға жеке беріледі, еркін саудаға шығарылмайды.

«Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құрамаға тиесілі белгілері бар өнімдер бөлшек саудада сатылмайды. Қазіргі уақытта түрлі интернет-платформаларда ұлттық құраманың ресми экипировкасына сырттай ұқсайтын және соның атынан сатылып жатқан өнімдер пайда болды. Назарларыңызға саламыз: мұндай өнімдердің Қазақстан ұлттық құрамасының ресми формасына қатысы жоқ», – деп жазылған министрлік хабарламасында.

Құрама спортшыларына арналған жазғы және қысқа экипировка жиынтықтарын америкалық Under Armour бренді тігіп шығарған. Брендтің киімдерін тек ресми дүкендерден ғана сатып алуға болады. Енді жалған өнім шығаруға қатысты компания құзырлы органдарға шағым түсірмекші.

«Under Armour компаниясы да өз тарапынан брендті заңсыз пайдалану және контрафактілік өнімдерді тарату фактілеріне қатысты тиісті құқықтық шаралар қабылдап жатыр. Осы ақпаратты ескеріп, Қазақстан ұлттық құрамасының ресми экипировкасы ретінде ұсынылатын жалған өнімдерді сатып алмауға шақырамыз», – деп ескертеді ведомство өкілдері.

Оқи отырыңыз: Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа ойын формасын таныстырды

Сондай-ақ оқыңыз