«Бішкек Аренадан» үлкен: Өзбекстан 100 млн долларға еңселі стадион салып жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: kocconstruction.com

Өзбекстан астанасының «Жаңа Ташкент» аумағында Орталық Азиядағы ең еңселі әрі ең ірі спорт ареналарының бірінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media. Жобаның жалпы құны 100 млн долларды құрайды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен 2025 жылдың 11 қарашасында іргетасы қаланған нысанның негізгі құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың күзіне қарай толық аяқтау жоспарланған. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүгінде спорттық кешеннің 65 пайыз жұмысы орындалып үлгерді.

Халықаралық стандарт және заманауи инфрақұрылым

Жаңа арена 55 мың көрерменге шақталған. Бұл көрсеткіш бойынша ол көршілес Қырғызстанда салынып біткен 51 мың орындық «Бішкек Аренадан» да үлкен болмақ. Нысан ФИФА-ның барлық халықаралық талаптарына толық сай келеді.

Алты қабаттан тұратын заманауи спорт кешенінде жанкүйерлер мен футболшыларға барлық жағдай жасалады: Стадионның төбесі толықтай жабық етіп жобаланған.

Негізгі алаңнан бөлек 3 жаттығу алаңы, 10-нан астам эскалатор, сондай-ақ БАҚ өкілдері мен футболшыларға арналған арнайы аймақтар болады.

Аренаның тура жанынан жаңа метро станциясы өтеді және 5 500 көлікке арналған ауқымды автотұрақ салынады.

2027 жылғы Әлем чемпионатының басты алаңы

Бұл еңселі стадион 2027 жылы Өзбекстанда өтетін 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының (U-20 FIFA World Cup) басты аренасына айналады. Атап айтқанда, мұнда турнирдің жартылай финалдық бәсекелері мен шешуші финалдық кездесуін өткізу жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Көшпенділер ойындарында ресми ашылған «Бішкек-Арена» стадионының құрылысына 386 млн доллар жұмсалғаны туралы жазған едік.

Ал Алматыда 45 мың көрерменге арналған жаңа стадионның құрылысы басталды.

Сондай-ақ оқыңыз