FIDE президенттігіне дебат: Турловтың басты қарсыласы мерзімінен бұрын шығып қалды

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) басшысы лауазымына сайлаудағы қарсыластарының бірі, неміс кәсіпкері Вадим Розенштейн ұйым тарихындағы алғашқы президенттік дебаттан мерзімінен бұрын шығып кетті, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Ол кіріспе сөзін сөйлегеннен соң байланысы үзілген, кейін пікірталасқа қайта қосыла алмады.
Дебат Chess.com платформасында өтіп, YouTube арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Оған FIDE президенті лауазымына үміткер үш кандидат, яғни Турлов, Розенштейн және неміс кәсіпкері, Freestyle Chess жобасының негізін қалаушылардың бірі Ян Хенрик Бюттнер қатысуға тиіс еді.
Дебатты гроссмейстер Морис Эшли жүргізді. Chess.com бұған дейін бұл пікірталастарды FIDE-нің қазіргі сайлау науқаны аясындағы алғашқы президенттік дебат деп атаған болатын.
Формат бойынша кандидаттар алдымен кіріспе сөз сөйлеуі керек, содан кейін модератор мен шахмат қауымдастығының сұрақтарына жауап беруге тиіс еді. Сұрақтар кандидаттарға алдын ала берілген жоқ. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыға бірдей уақыт пен жағдай жасалатынын мәлімдеген.
Розенштейн тек кіріспе сөзін айтып үлгерді.
Атап айтқанда, ол FIDE кімге тиесілі болуы керек деген риторикалық сұрақ қойды. Осыдан кейін бірден кандидатпен байланыс үзіліп кеткен.
Ұйымдастырушылар байланысты қалпына келтіруге тырысқанымен, Розенштейн пікірталас аяқталғанға дейін эфирге қайта қосылған жоқ. Трансляция барысында оның не себепті қатыса алмағаны айтылмады.
Нәтижесінде дебаттың негізгі бөлігі Турлов пен Бюттнер арасында өтті.
FIDE-дегі сайлау науқаны қатаң бәсекелестік жағдайында өтіп жатыр. Тимур Турлов өзін басқару және бизнес саласында мол тәжірибесі бар кандидат ретінде таныстырып отыр.
Дебат барысында Турлов халықаралық шахматты дамыту үшін өзінің кәсіпкерлік және басқарушылық тәжірибесін пайдалануды жоспарлап отырғанын айтты.
Оның бағдарламасындағы бағыттарға FIDE басшылығының тәуелсіздігін күшейту, федерацияны цифрландыру, технологиялық құралдардың көмегімен читерлікпен күресу және классикалық шахматты сақтай отыра жылдам форматтарды дамыту кіреді.
Турлов сондай-ақ жеңіске жеткен жағдайда федерация басшылығына жаңа адамдарды тартуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Алайда олардың есімдерін әзірге атаған жоқ.
Ал Бюттнер FIDE-нің коммерциялық дамуы мен қаржылық ашықтығына аса мән берді берді.
Жеңіске жеткен жағдайда ол федерацияның кіріс көздерін дамытуға және әйелдер шахматындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге ниетті.
Болашақ командасынан кандидат қазынашы ретінде Вукани Дламиниді атады.
FIDE президентінің сайлауы 26 қыркүйекте ұйымның Самарқандта өтетін Бас ассамблеясы барысында өтеді. Қазіргі таңда үш кандидаттық жұп ресми түрде тіркелген. Олар: Бюттнер және Малкольм Пейн, Розенштейн және Гордон Танг, сондай-ақ Турлов және шахматтан бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Ананд.
Дауыс беруге құқығы бар әрбір ұлттық федерация бір дауысқа ие болады