Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзиёева Ташкенттегі қаржы орталығын басқарады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Kursiv Media архиві

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қызы Саида Мирзиёева Ташкент халықаралық қаржы орталығының директоры болып тағайындалды. Бұйрыққа ел президенті қол қойды деп хабарлайды Kursiv.Media.

Енді Мирзиёева орталықты іске қосу, қажетті құжаттарды дайындау және оның құрылымдарының мемлекеттік органдармен жұмысын үйлестіруге жауап береді. Сонымен қатар ол орталықты шетелдік инвесторларға, халықаралық ұйымдар мен серіктестерге таныстырады. Бұдан бөлек, орталықтың атқарушы директоры мен оның орынбасарларын тағайындауға, сондай-ақ Қаржылық қызметтер басқармасының басшылығын қалыптастыруға қатысады.

Ташкент халықаралық қаржы орталығы туралы заңға Шавкат Мирзиёев шілде айында қол қойған. Жоба аясында орталық аумағында ерекше құқықтық және валюталық режим, жеке қаржы реттеушісі және тәуелсіз коммерциялық сот құру жоспарланған.

Қаржы орталығына тіркелген жаңа компаниялары Өзбекстанда 2076 жылға дейін салықтық жеңілдік алып, жұмыс істей алады.

Айта кетейік, Саида Мирзиёева 2025 жылы Президент әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындалған еді. Енді екі қызметін қатар алып жүруіне тура келеді.

Сондай-ақ оқыңыз