Енді алаяқтар ЭЦҚ-ны ұзартып береміз деп алдауға көшкен

Енді алаяқтар электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) ұзартамыз деп алдауға көшкен. Өздерін мемлекеттік қызмет өкілдері ретінде таныстырған алаяқтар азаматтардың құпия деректеріне қол жеткізуге тырысып жатыр. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ға сілтеме жасаған Kursiv.Media хабарлайды.
Алаяқтар өздерін eGov немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, азаматқа ЭЦҚ мерзімі аяқталуға жақын екенін айтады. Кейін телефон арқылы электронды қолтаңбаны ұзартуды немесе қайта шығаруды ұсынып, SMS арқылы келген кодты сұрайды.
Мамандардың түсіндіруінше, бір ғана SMS код арқылы ЭЦҚ-ны қайта шығару мүмкін емес. Пайдаланушы биометриялық сәйкестендіру арқылы жеке басын растауы керек.
«ҰАТ» АҚ мамандары eGov, 1414 байланыс орталығы, ХҚКО және құқық қорғау органдарының қызметкерлері телефон арқылы SMS кодтарды, ЭЦҚ кілтін немесе оның құпиясөзін сұрамайтынын ескертті.
Азаматтар төмендегідей ережелерді ұстанғаны жөн:
- SMS кодтар мен ЭЦҚ деректерін ешкімге бермеу;
- бейтаныс адамның нұсқауын орындамау;
- күмәнді сілтемелерге өтпеу;
- белгісіз қосымшаларды орнатпау және оларға құрылғыға кіруге рұқсат бермеу;
- ЭЦҚ мерзімін өз бетінше тексеріп, тек ресми сервистерді пайдалану.
Осындай қоңырау түссе, әңгімені жалғастырмай, құпия ақпаратты бермей, құқық қорғау органдарына хабарласу керек.
Егер азамат алаяқтарға SMS кодын айтып қойса немесе ЭЦҚ деректерін берсе, компания мамандары уайымға салынбауға шақырды. Бір ғана SMS код арқылы алаяқтар ЭЦҚ-ны қайта шығара немесе несие рәсімдей алмайды. Маңызды операцияларды орындау үшін қосымша жеке басын растау, соның ішінде биометриялық сәйкестендіру қажет.
ЭЦҚ-ның жарамдылық мерзімін eGov Mobile қосымшасынан тексеруге болады. Ол үшін «Профиль» бөліміне кіріп, «Менің ЭЦҚ-ларым» бөлімін ашу қажет.