Жүргізушілер ақылы жолдың ақшасын қалай үнемдесе болады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: shutterstock

Қазақстанда ақылы жолмен жүретін жүргізушілер ақысын алдын ала төлеп, ақша үнемдей алады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады.

Қазір Қазақстанда жалпы ұзындығы 6290 шақырымнан асатын 28 ақылы жол учаскесі жұмыс істейді. Жол ақысын бірнеше тәсілмен төлеуге болады. Алайда кей учаскелерде тариф төлемнің қашан жасалғанына байланысты өзгереді.

Алдын ала төлеу тиімді

Ақшаны үнемдеудің ең қарапайым тәсілдерінің бірі – көлік балансын алдын ала толықтыру. Жеңіл көліктер үшін алдын ала төлем жасаған жағдайда жолақы арзанырақ болады. Бұл ретте төлем жүйелері қосымша комиссия алуы мүмкін.

Мысалы, ұзындығы 60,7 шақырым болатын Щучинск – Көкшетау учаскесінде жеңіл көлік үшін алдын ала төлем кезінде жолақы шамамен 117,2 теңге, ал кейінгі төлем кезінде 140,6 теңге болады.

Ауыр жүк көліктері үшін айырмашылық едәуір жоғары. 15 тоннадан асатын жүк көтергіштігі бар көлік алдын ала төлем кезінде шамамен 2495 теңге, ал кейін төлем жасағанда 2940,6 теңге төлейді.

Сондықтан ақылы жолмен жүруді жоспарлаған жүргізушілерге сапарға шықпас бұрын KazToll жеке кабинеті арқылы балансты тексеріп, оны алдын ала толықтырған тиімді.

RFID белгісі жиі жүретіндерге тиімді

Ақылы жолдарды жиі пайдаланатын жүргізушілер үшін «ҚазАвтоЖол» RFID белгілерін ұсынады. Ол көліктің алдыңғы әйнегіне орнатылып, мемлекеттік нөмір мен көлік иесінің жеке шотына тіркеледі. Осыдан кейін жолдың ақылы бөлігімен өткен кезде жүйе көлікті автоматты түрде танып, жол ақысын баланстан өзі ұстайды.

Дегенмен RFID белгісі қосымша жеңілдік бермейді. Мұның тиімді тұсы төлем жасау ыңғайлы және ақша автоматты түрде есептен шығарылады. Сондай-ақ белгілер тегін беріледі. Оны ақылы жолдардағы төлем алу пункттерінде және қызмет көрсету орталықтарында операторлардың көмегімен орнатуға болады.

Абонемент қашан тиімді

Ақылы жол учаскелеріне жақын елді мекендерде тіркелген көлік иелері үшін абонементтік төлем қарастырылған. Көлік түрі мен жүк көтергіштігіне қарай абонементті 30 немесе 365 күнге рәсімдеуге болады.

Абонементті KazToll жеке кабинеті, 1403 нөмірі арқылы немесе төлем алу пункттері мен клиенттерге қызмет көрсету орталықтарындағы операторлардан рәсімдеуге болады.

Бір ақылы жолмен күн сайын қатынайтын адам үшін абонемент әр жолы жеке төлем жасағаннан әлдеқайда ыңғайлы әрі тиімді болуы мүмкін.

Осыған дейін «ҚазАвтоЖол» Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында тоқтаған көлік апаттық жағдай тудырғанын хабарлап, жүргізушілерге ескерту жасады.

Сондай-ақ оқыңыз