Бірыңғай QR-код арқылы жасалған төлемдер көлемі 400 млрд теңгеге жетті

Қазақстанда бірыңғай QR-код іске қосылған сәттен бері ол арқылы жүргізілген төлемдер көлемі 400 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Биыл біз бірыңғай QR-код – банкаралық мобильді төлемдер жүйесін іске қостық. Ол 19 шілдеден бастап жұмыс істей бастады. Бірыңғай QR көмегімен қазірдің өзінде 20 млн транзакция жасалып, 400 млрд теңгеден астам сома аударылды. Осылайша, бірыңғай QR-код төлем нарығының 25%-ын алып отыр», – деді Тимур Сүлейменов.
Қазақстанда 2026 жылдың 19 шілдесінен бастап бірыңғай банкаралық QR-код жүйесі ресми түрде іске қосылған болатын. Бұл жүйе кез келген банк қосымшасы арқылы сатып алынған тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуге және бір ғана POS-терминал арқылы төлемдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Жүйеге нарықтың ең ірі ойыншылары қазірдің өзінде қосылып үлгерді.
«Жұмыс принципі өте қарапайым – банк қосымшаcында QR-ды ашып кез келген терминалға барып төлейсіз, сіз үшін еш нәрсе өзгермейді. Сонымен бірге кәсіпкерлерге де қосымша терминалдар орнату қажет емес. Бәрі қолданыстағы инфрақұрылым арқылы жұмыс істейді», – деп атап өткен еді бұған дейін ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бинұр Жаленов.
Сондай-ақ ол жаңа жүйені пайдаланмас бұрын пайдаланушыларға бірыңғай QR функциясына қол жеткізу үшін банктік мобильді қосымшаларын жаңарту қажет екенін баса айтты.