14 қыркүйектен бастап тұрғын үй кезегіндегі азаматтар тексеріледі

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: shutterstock

14 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәліметтерін тексеру тәртібі өзгереді. Енді «Отбасы банк» азаматтардың жеке деректерін жинау және өңдеуге бөлек келісім алмай-ақ, мәліметтерін түгендей алады.

Бұл өзгеріс тұрғын үй кезегінде тұрған Қазақстан азаматтары мен қандастарға қатысты. Банк есепте тұрған барлық азаматтың мәліметін тексеріп, тұрғын үй кезегін жаңартуды жоспарлап отыр.

Банк қандай мәліметтерді тексереді

«Отбасы банк» азаматтардың деректерін түгендеу барысында, атап айтқанда:

  • отбасы құрамын;
  • тұрғын үйінің бар-жоғын;
  • тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұру құқығына әсер ететін өзге де мәліметтерді тексереді.

Айта кетейік 2025 жылғы 24 мамырда тұрғын үй кезегі «Отбасы банкке» берілді. Содан бері банк кезекте тұрған азаматтардың мәліметтерін тексеріп, жаңартып келеді.

Алайда бұған дейін мәліметтерді толық тексеру үшін азаматтың жеке деректерін жинау және өңдеуге бөлек келісімі қажет болатын. Азаматтардың бір бөлігі мұндай келісім бермегендіктен, олардың мәліметтерін толық тексеру мүмкін болмады.

Еске салайық, 31 тамыз күні «Ұмай» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталған. Барлық өтінім берушіге алдын ала несие мақұлданды. Сұралған қарыздың орташа сомасы 23,4 млн теңгені құрады. «Ұмай» бағдарламасына өтінім қабылдау басталған алғашқы күні 855 әйел өтініш берген.

Сондай-ақ оқыңыз