ҚТЖ IPO-сын жыл соңына дейін өткізуді жоспарлап отыр

Жарияланды
Фото: kursiv.media архиві

«Қазақстан темір жолы» компаниясының IPO-сын жыл соңына дейін шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысында ҚТЖ директорлар кеңесінің төрағасы Айдар Рысқұлов айтты, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Оның сөзінше, IPO-ға дайындық жоспарға сай жүріп жатыр. Маусым айының соңында компания Гонконг қор биржасына A1 листингтік өтінімін берген.

IPO-ны халықаралық форматта өткізу жоспарланған. Компания акцияларын Қазақстан, Лондон және Гонконгтағы биржаларда орналастыру көзделіп отыр.

«Жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Қазір белгілі бір шектеулер болғандықтан, егжей-тегжейлі ақпарат айта алмаймыз. IPO-ға қатысты тәуекелдер бар және оларды барлық инвестор ескеруі керек. Осыған байланысты маркетингтік науқан жүргіземіз. Жоспар бойынша IPO-ны биыл өткізгіміз келеді», – деді Айдар Рысқұлов.

«Самұрық-Қазына» акцонерлік қоғамы мамыр айында ҚТЖ компаниясының IPO-сы кейінге қалды деген ақпаратты жоққа шығарған еді.

Сондай-ақ оқыңыз