Жүк тасымалдаушы компания құрған миллионер алғашқы ұшағын Абайдың атымен атады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: видеодан скрин

Forbes Kazakhstan тізіміне енген кәсіпкер Қанат Көпбаев үлесін сатып алған Jupiter Jet жүк әуе компаниясының алғашқы ұшағы Түркістан әуежайына келді. Бұл туралы ол Astana Finance Days шарасында айтты деп хабарлайды Kursiv.Media.

АҚШ-тан келген ұшақтың моделі -Boeing 757-200. Әуе көлігі қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының құрметіне аталып, оның есімі борттың фюзеляжына жазылған. Boeing 757-200 ұшағын америкалық компания 1982-2004 жылдары шығарған. Ол Boeing 727 ұшағына балама ретінде жасалған.

Көпбаев шарада Қазақстанның жүк тасымалдау саласындағы әлеуеті туралы да атап өтті. Сөзінше, еліміздің Қытайға, Батысқа, Үндістан мен араб елдеріне жүк тасымалдайтын хабқа айналатындай әлеуеті бар. Бірақ жүк авиациясының дамуына кедергі келтіретін шектеулерді алып тастау керек.

«Мемлекет бізге қолдау көрсетіп, жүк авиациясының дамуына кедергі келтіріп отырған шектеулерді жеңілдетсе екен деп шақырамын. Әйтпесе, нарықтағы онсыз да аз үлесімізден айырылып, жақын болашақта бүкіл нарықты көршілес елдеріміз иемденіп алуы мүмкін», – деп санайды ол.

Еске салайық, долларлық миллионер Қазақстанда жүк тасымалдайтын әуе компаниясын құрмақшы екені туралы осы жылы көктемде айтқан. Мемлекет көмегінсіз, жеке іске асырмақ ойы туралы да атап өтті.

Сәуір айында кәсіпкер бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан Jupiter Jet әуе компаниясының 87% үлесін сатып алды. Ал компания құрылтайшысы Эрикжан Көзбағаров 13% үлесімен серіктес болып қалды.

Дегенмен Көпбаевқа дейін Тоқаев та жүк тасымалдайтын әуе компаниясын құру керек деп мәлімдеген. Ол әлі күнге дейін елде мемлекеттік компания құрылмағанын сынап, оны «кешірілмейтін қателік» деп бағалады. Президент сынынан кейін ҚТЖ елде KTZ Air Cargo атты жүк тасымалдаушы әуе компаниясы құрылатынын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз