Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тағы төмендеді

2026 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандаған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Есепті аптада картоптың бағасы 6,9%, пияз 5,9%, ақ қырыққабат 5,1%, сәбіз 4,5%, алма 0,8%, нан 0,4% және ірімшік 0,3% төмендеді.
Бірінші сұрыпты бидай ұны, рожки, сүт және сүзбе бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы деңгейі Астана, Атырау, Жезқазған, Қызылорда, Өскемен, Семей және Түркістан қалаларында бір аптада 0,1%-ға төмендеді. Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Тараз қалаларында баға алдыңғы апта деңгейінде сақталды.
Қазақстан бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 156 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодарда тіркеліп, 123 теңге болды.
Сәбіздің орташа бағасы 227 теңге болса, ең төмен баға Павлодарда – 146 теңге. Картоптың орташа бағасы 217 теңгені құрады. Павлодарда оның бағасы 152 теңге, Қостанайда 184 теңге деңгейінде қалыптасты.
Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы килограмына 586 теңге болды. Ең төмен баға Таразда тіркеліп, 347 теңгені құрады.
Ет өнімдерінің ішінде сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 819 теңге, тауық етінің бағасы 1 747 теңге болды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының индексі апта сайын есептеледі. Бағалар барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада бақыланады.