Батыс Қазақстан облысында 245 шақырым автожолды жөндеу жұмыстары аяқталды

Батыс Қазақстан облысында 245 шақырым автожолды жөндеу жұмыстары аяқталып, облыс орталығына баратын уақыт екі еседен астам қысқарды.
Бұл туралы Kursiv.media Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Батыс Қазақстан облысында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын, жалпы ұзындығы 245 шақырым жолға жүргізілген реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
«Жұмыстар ұзындығы 142 шақырым «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» автожолында, сондай-ақ ұзындығы 103 шақырымдық «Өнеге – Бисен – Сайқын» автожолында жүргізілді. Бұл автожолдарды жаңғыртуға салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 81,7 млрд теңге. Жаңартылған жолдар аудандардың облыс орталығымен тұрақты байланысын және Ресеймен мемлекеттік шекараға шығуды қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.
Осы бағыттар бойындағы елді мекендерде тұратын 54 мың адам үшін Орал қаласына және басқа бағыттарға күнделікті қатынау жеңілдеді. Тауарлар мен жүк тасымалы артып, арнайы көлік қозғалысы жиілей түседі.
Айта кететін жайт, Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді дамыту жұмыстарын жалғастыруды, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды жеделдетуді және халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.