Министрлік «Астана» футбол клубының қаржылық мәселесін шешуге көмектесті

«Астана» футбол клубы соңғы уақытта команда қызметінің тұрақтылығына кері әсерін тигізген қаржылық қиындықтардың оң шешімін тапқанын ресми түрде мәлімдеді.
Клуб басшылығы түйткілді мәселелердің реттелуіне мемлекеттік органдар мен құрылтайшылардың жедел араласуы тікелей ықпал еткенін атап өтті.
Елордалық ұжымның ресми хабарламасында көрсетілгендей, бұл дағдарыстан шығуға бірнеше тараптың бірлескен күш-жігері септігін тигізген.
«Аталған мәселелердің шешімін табуына Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің, клуб құрылтайшыларының, сондай-ақ клубтың дамуы мен болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың қолдауы ықпал етті. Клуб осы кезеңде қолдау көрсеткен, түсіністік танытып, клуб қызметінің тұрақты жалғасуына үлес қосқан барлық тараптарға алғыс білдіреді», – делінген ресми мәлімдемеде.
Қаржылық мәселелердің реттелуі «Астана» футбол клубына ел чемпионаты мен халықаралық турнирлердегі жоспарлы қызметін еш кедергісіз, тұрақты ырғақта жалғастыруға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Астана» футбол клубы футболшыларға айлық төлей алмай отырғандарын айтқан еді.