Ақтөбеде 90-жылдардағыдай той кортежін жасағандар жауапкершілікке тартылды

Ақтөбеде 90-жылдардағыдай той кортежін жасаған азаматтар жауапкершілікке тартылды. Кортеж барысында бірнеше көлік жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны анықталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Әлеуметтік желілерде 90-жылдардағыдай тойларды еске түсіретін бейнежазба қызу талқыға түсті. Ішкі істер министрлігі мерекелік көңіл-күй жол қауіпсіздігі талаптарын сақтауға кедергі болмауға тиіс екенін хабарлады.
Полиция мәліметінше, жолаушыларды көлік кабинасынан тыс тасымалдау, сондай-ақ тәуліктің жарық уақытында сыртқы жарық беру аспаптары мен дыбыстық сигналдарды пайдалану талаптарын бұзу фактілері тіркелген.
Құқық бұзушылардың барлығы анықталып, олар Қарғалы ауданының тұрғындары екені белгілі болды.
Заң талаптарын бұзған азаматтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады.
Бұған дейін Астанада бір жылда жол қозғалысы ережесін 306 рет бұзған жүргізуші қамауға алынған. Ол жыл басынан бері белгіленген жылдамдықты 169 рет асырған, тағы 134 рет автобус жолағымен жүрген.