Қазақстанда Эфиопияның шай мен кофе өнімдерін жеткізетін хаб ашылуы мүмкін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының премьер-министрі Абий Ахмедпен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ақорда.
Африка құрлығымен арадағы серіктестік
Қазақстан президенті екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың тарихи маңызына тоқталып, Африка бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті:
«Сіздің еліңізге зор құрметпен қараймыз. Аддис-Абебадағы тұрақты түрде қызмет ететін елшілігіміз Қазақстанның Африка құрлығындағы алғашқы дипломатиялық өкілдіктерінің бірі болды. Бұдан бөлек, Қазақстан Африка Одағында байқаушы ел ретінде танылған. Сондықтан біздің Африкаға деген қызығушылығымыз айқын әрі орнықты сипатқа ие. Әсіресе, Эфиопияға көзқарасымыз ерекше. Елдеріңізбен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімізді айтқым келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Экономикалық әлеует
Тоқаевтың пікірінше, өзара сауда-саттық көлемін арттыру арқылы екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге толық мүмкіндік бар.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі тарап: Тікелей сауда-экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктермен танысу үшін өзара делегациялар алмасуға сондай-ақ Қазақстан аумағында Эфиопиядан шай, кофе және гүл өнімдерін жеткізуге арналған логистикалық хаб құру перспективасын зерделеуге уағдаласты.
Оқи отырыңыз: Елде жеті айда 9,1 мың тонна шай және кофе өндірілді.