Үндістанмен еркін сауда және жаңа банк инвестициясы: Тоқаев БРИКС Саммитінде не айтты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: Ақорда

Нью-Делиде өткен «аутрич» / «БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырыста президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда. «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған бұл жиында призидент еліміздің БРИКС ұйымына мүше және серіктес мемлекеттермен стратегиялық байланыстарын тереңдетуге дайын екенін мәлімдеді.

Сауда-экономикалық әріптестік пен инвестиция

Президенттің айтуынша, өткен жылы Қазақстанның БРИКС елдерімен тауар айналымы 72 млрд долларға жуықтаған. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастарды одан әрі әртараптандыруға еліміздің өнеркәсіптік, транзиттік және технологиялық мүмкіндігі толық жететінін атап өтті.

«Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі төрағасы ретінде БРИКС-пен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді және Үндістанмен еркін сауда туралы келісім жасасуды құптайды. Еліміз негізгі шикізат көздерін жеткізетін сенімді серіктес ретінде дүние жүзіндегі тасымал тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында өнімді терең өңдеу, бірлескен инвестициялар мен технология алмасудың маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы Жаңа даму банкін Қазақстандағы коммерциялық тұрғыдан өміршең ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға шақырды.

Транзиттік жүк 100 млн тоннаға жеткізілмек

Тоқаев көлік қатынасын нығайту ортақ экономикалық өсімге тың серпін беретінін баса айтты. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолдарымен жеткізілетін жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

Өткен жылы еліміз арқылы 40 млн тоннаға жуық транзиттік жүк тасымалданған болса, ұзақмерзімді жоспар бойынша бұл көрсеткішті 100 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Президент Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ұштастыру Еуразияның барынша интеграцияланған көлік желісін қалыптастыратынын атап өтті. Сонымен бірге Қазақстан басшысы Үндістан тарапы ұсынған БРИКС-тің логистика мен жеткізу тізбегі саласындағы Негіздемелік бағдарламасын толық қолдайтынын білдірді.

Бұған дейін, Тоқаев Эфиопияның премьер-министрі Абий Ахмедпен кездесіп, Қазақстан аумағында Эфиопиядан шай, кофе және гүл өнімдерін жеткізуге арналған логистикалық хаб құру перспективасын зерделеуге уағдаласты.

Сондай-ақ оқыңыз