«Қайрат» өз алаңында «Тобылға» жол беріп, «Ордабасы» көш басына қайта шықты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Фото: Kursiv.Media

Қазақстан Премьер-лигасының 26-туры аясында Алматыда өткен орталық матч күтпеген нәтижемен аяқталды. Алтын жүлдеге басты үміткерлердің бірі — алматылық «Қайрат» өз алаңында қостанайлық «Тобылды» қабылдап, 1:4 есебімен жеңіліске ұшырады.

Кездесу тартысты басталды. 18-минутта «Тобыл» сапынан Милованович пенальтиді дәл орындап, есеп ашты (0:1). 40-минутта «Қайраттың» шабуылшысы Марк Гуаль таразы басын теңестіріп, жанкүйерлерге үміт сыйлады (1:1).

Дегенмен, бірінші таймның аяқталуына сәл қалғанда, 44-минутта Милованович Лисаковичтің берген пасын мүлт жібермей, дубль авторы атанды (1:2).

Екінші таймда қостанайлықтар үстемдігін ары қарай жалғастырды: 63-минутта Асхат Тағыбергеннің пасынан кейін Лисакович есепті еселей түсті (1:3). 81-минутта Л. Герра матчтың соңғы нүктесін қойып, «Тобылға» сенімді жеңіс сыйлады (1:4).

Турнирлік кестедегі өзгерістер

Осы жеңілістен кейін «Қайрат» 25 ойыннан кейін 57 ұпаймен екінші орынға сырғыды. Ал «Ордабасы» 25 кездесуде 58 ұпай жинап, Премьер-лиганың турнирлік кестесінде бірінші орынға қайта көтерілді. 3-орында келе жатқан «Астананың» еншісінде 24 ойыннан кейін 45 ұпай бар.

КПЛ: «Қайрат» пен «Ордабасының» соңғы 5 ойыны

Премьер-лиганың аяқталуына небәрі 5 тур қалды. Екі басты үміткердің алдағы шешуші кездесулер кестесі төмендегідей:

«Қайраттың» КПЛ-дағы соңғы 5 ойыны:

  1. 17.09.2026 | «Астана» — «Қайрат»
  2. 10.10.2026 | «Қайрат» — «Жетісу»
  3. 18.10.2026 | «Қайрат» — «Ертіс»
  4. 25.10.2026 | «Ақтөбе» — «Қайрат»
  5. 31.10.2026 | «Қайрат» — «Altai» 

«Қайрат» сонымен қатар қазан айында Конференция Лигасында «ФК Рига» және «Панатинаикос» клубтарымен де кездеседі.

«Ордабасының» КПЛ-дағы соңғы 5 ойыны:

  1. 17.09.2026 | «Атырау» —«Ордабасы» 
  2. 11.10.2026 | «Қайсар» — «Ордабасы» 
  3. 17.10.2026 | «Ақтөбе» — «Ордабасы» 
  4. 24.10.2026 | «Ордабасы» — «Жеңіс» 
  5. 31.10.2026 | «Ертіс Павлодар»  – «Ордабасы»
Сондай-ақ оқыңыз