238 млн теңге шығын: мемлекеттік субсидияны жымқырған әйел елге жеткізілді

Қазақстанда мемлекеттен бөлінген қаржыны заңсыз алған деген күдікке ілінген әйел Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Kursiv Media.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдіктіні Қазақстанға жеткізуге Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және ІІМ Интерпол қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстанның Грузиядағы елшілігі атсалысқан.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті 2020–2023 жылдары ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Ол басқа адамдардың атына шаруа қожалықтарын тіркеп, асыл тұқымды ірі қара сатып алғаны туралы жалған келісімшарттар мен басқа да құжаттар жасаған. Осы құжаттардың негізінде жеңілдетілген несие мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз алған деген күдік бар.
Тергеу мәліметінше, осы әрекеттерден мемлекет пен басқа да жәбірленушілерге 238 млн теңгеден астам шығын келген.
Қылмыстан кейін күдікті Қазақстаннан қашып, халықаралық іздеу жарияланған. Биыл наурыз айында ол Грузияда ұсталып, Қазақстан тарапының сұрауы бойынша елге жеткізілді.
Қазір күдікті тергеу изоляторында қамауда отыр. Егер кінәсі сотта дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, жыл басынан бері Грузиядан Қазақстанға 7 адам экстрадицияланған. Олардың бесеуі жымқыру фактілері бойынша халықаралық іздеуде болған.
Ал Ақмола облысында екі ұйымның басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп 50 млн теңге көлемінде инвестиция алған.