Алматыда Esentai Mall маңындағы Әл-Фараби даңғылының қозғалысы өзгереді

Алматыда Esentai Mall маңындағы Әл-Фараби даңғылының қозғалысы өзгереді. Бұл туралы Алматы әкімдігіне сілтеме жасаған Kursiv Media хабарлайды.
Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, бұған дейін сауда орталығынан шыққан жүргізушілер бірден көршілес жолақтарға ауысатын еді. Сол кезде бірнеше көлік қатар маневр жасап, сол жақ шеткі жолаққа ұмтылатын. Салдарына жолдағы қозғалыс баяулап, көліктер біркелкі жүрмейді.
Енді солтүстік бағытта Үшкемпіров көшесінен Есентай өзеніне дейінгі аралықта қозғалыс ережесі өзгерді. Сауда орталығынан шыққан көліктердің бірден жолақ ауыстыруы шектеліп, бұл бөлікте тұтас жолақ сызықтары сызылды.
Жаңа тәртіп бір уақытта бірнеше көліктің маневр жасауын азайтып, осы учаскедегі қозғалысты жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Қала әкімдігі жүргізушілерден қозғалыс сызбасындағы өзгерістерді ескеріп, жол белгілері мен жол таңбаларының талаптарын сақтауды сұрайды.
Оқи отырыңыз: Алматыда тегін автотұрақты қалай рәсімдеуге болады