Жас кәсіпкер тұрмыстық зорлыққа тап болғандарға көмектесетін платформа әзірлеп шықты

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер қосымша көмек ала алады/фото: shutterstock

Қазақстандық жас кәсіпкер Бекзат Тоқтарбеков тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге көмек көрсету мақсатында жаңа платформа әзірлеп шықты. JANYNDA.kz деп аталатын платформа қазір тексеріс кезеңінде тұр

Жоба авторының айтуынша, жоба сайт пен Whatsapp арқылы жұмыс істейді.

Елде полицияға хабарласатын 102 нөмірі мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандар хабарласа алатын 111 нөмірі бар. Janynda авторының сөзінше, жаңа платформа мемлекеттік органды алмастырмайды, керісінше қосымша көмек болады.

«111 мен «Жаныңда» жобасы бір-біріне бәсекелес емес. 111 – тәулік бойы жұмыс істейтін мемлекеттік байланыс орталығы. Ол жақ құқық қорғау органдарымен тікелей жұмыс істейді, арызды тіркейді, әрі қарай бағыттайды. Ал біздің жоба – әйелге алғашқы көмекті алуды жеңілдететін цифрлық орта. Адамдар ресми сайт, whatsapp арқылы жеке деректерін көрсетпей, мәселесін айта алады. Арызды тіркеуден бұрын адам ақыл сұрап, көмек алғысы келеді. Ауылдық жердегі әйелдер бірден мемлекеттік органдармен байланысуға қорқады», – дейді Бекзат Тоқтарбеков.

Сөзінше, әйелдің жеке рұқсатымен ғана мәселені әрі қарай 111 нөміріне, заңгер не психологқа, дағдарыс орталықтарға жолдайды. Кәсіпкер мұны «қосымша көмек» деп атап отыр.

«Ең қиыны – алғашқы қадам. Полицияға хабарласуға, арыз жазуға дайын болмауы мүмкін. Біреуге сеніп, жағдайын айтқысы келеді. Әрі қарай не істесе болатынын түсінуі қажет. Платформада аты-жөнін көрсетпей, тіркеуден өтпей-ақ көмек ала алады», – дейді жоба авторы. 

Жоба авторы ішкі істер министрлігі және басқа да органдармен ресми келісімге келмеген.

«Қазір платформаны тексеріп, пилоттық кезеңге дайындап жатырмыз. Содан кейін ІІМ, 111 байланыс орталығы, дағдарыс орталығымен келісімге келеміз деп үміттенемін. Біз мемлекеттік органдарды алмастырмаймыз, біздің мақсат – әйелдің жағдайын түсініп, кәсіби көмекке бағыттау», – дейді Бекзат.

Жас кәсіпкер платформаға қазірге дейін қанша қаражат жұмсалғанын айтпады.

Айта кетейік, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңның қатаңдағанына екі жыл болды. Осы уақытта елде 150 әйел күйеуінің не бірге тұратын ер адамның қолынан қаза тапты. 

Сондай-ақ оқыңыз