«Тобылдың» жаңа иесі «Қайратты» жеңгені үшін футболшыларға 30 млн теңге сыйақы береді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: instagram/fctobol

Қостанайлық «Тобыл» футбол клубының жаңа қожайыны, кәсіпкер Әлішер Қожаназаров брифинг барысында алматылық «Қайратты» ірі есеппен жеңгені үшін командаға 30 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындағанын мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.

Бұл туралы кәсіпкер Қостанай қаласы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен өткен жиында айтты.

«Мұндай жетістіктерді басшылық пен құрылтайшылар міндетті түрде елеп-ескеруі тиіс. Біз кеше киім ауыстыру бөлмесінде командаға 30 млн теңге сыйақы тағайындағанымызды бірден хабарладық. Әрине, ол сәтті видеоға түсірген жоқпыз, жігіттердің қуанышында шек болмады. Бірақ бұл өте маңызды, себебі футболшылар алаңда бар күшін салады… Мемлекеттік басқару мен жеке бизнестің айырмашылығы да осы шығар», – деді Әлішер Қожаназаров.

Жуырда қостанайлық ұжым ресми түрде Қожаназаровтың меншігіне өтті. Брифинг барысында клубтың жаңа президенті де таныстырылып, бұл қызметке Әлішер Қожаназаровтың кеңесшісі Айдос Дүйсенбиев тағайындалды.

Еске сала кетейік, Қазақстан Премьер-лигасының 26-туры аясында өткен матчта «Тобыл» сырт алаңда сенсация жасап, турнир кестесінің көшбасшыларының бірі алматылық «Қайратты» 4:1 есебімен ойсырата жеңген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз