Басқа өңірге көшкенде 7 млн теңгеден алатындар қатары артқалы жатыр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерікті қоныс аударудың жаңа қағидаларын ашық талқылауға шығарды. Нәтижесінде бағдарламаға сұранысқа ие мамандар мен шаруақожалық басшыларына да қатысуға мүмкіндік берілуі мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Негізгі өзгеріс
Жобадағы негізгі өзгеріс – бағдарламаға сұранысқа ие мамандар мен шаруақожалықтарының басшыларын қосу. Жаңа ереже материалдық көмек көрсету тәсілін де өзгертеді.
Бұл қандай бағдарлама?
Ерікті қоныс аудару бағдарламасы қазақстандықтарға тұрғылықты жерін ауыстырып, жаңа өңірден жұмыс тауып, сол жерде орнығып кетуге мүмкіндік береді. Қазір бағдарлама елдің 8 облысында жүзеге асырылып жатыр. Олар: Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстары.
Бұл өңірлерде дәрігерлер, медбикелер, мұғалімдер, тәрбиешілер, инженерлер, агрономдар, ветеринарлар, механизаторлар, жүргізушілер, электриктер, дәнекерлеушілер құрылыс саласы мамандарына сұраныс жоғары.
Қанша ақша беріледі?
Бағдарламаға қатысушыларға көшу үшін отбасының әр мүшесіне 70 АЕК (302 мың теңге) көлемінде ақша беріледі. Сонымен қатар бір жыл бойы тұрғын үйді жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтерді төлеуге көмек көрсетіледі.
Бұдан бөлек, қоныс аударушылар тұрғын үй сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге 1625 АЕК-ке (7 млн теңге) дейінгі көлемде қаржылай көмек ала алады.
Министрлік мәліметінше, 2017 жылдан бері бағдарламаға 73,9 мың адам қатысқан. Оның ішінде 31 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан.