Елде төртінші мобильді байланыс операторы қашан пайда болады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қазақстанда төртінші мобильді байланыс операторы қашан пайда болады
Елде төртінші мобильді байланыс операторы қашан пайда болады / фото: shutterstock

Соңғы екі жылда елде төртінші мобильді байланыс операторы пайда болуы мүмкін деген ақпарат жиі талқыланып жүр. Үкіметте өткен брифингте Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сембеков елдегі байланыс нарығының қазіргі ахуалы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Айтуынша, қазақстандық нарыққа жаңа мобильді байланыс операторын әкелу мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ. Бұған бірнеше себеп бар.

«Катарлық инвесторлар Tele2 компаниясын сатып алуына байланысты үкіметаралық келісімге қол қойылған. Осы құжаттың шарттарына сәйкес, жыл соңына дейін жаңа ұялы байланыс операторларын құруға, 5G жиіліктерін тарату бойынша аукциондар өткізуге және жаңа лицензиялар беруге шектеу қойылған. Сондықтан бұл мәселе қазіргі уақытта талқыланбайды», – деп жауап берді Сембеков.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеде екі немесе төрт оператордың болуы қалыпты жағдай.

«Жалпы алғанда, ұялы байланыс – радиожиіліктерде жұмыс істейтін шектеулі табиғи ресурс. Көршілес елдерді алсақ, кей жерде екі, кей жерде үш оператор жұмыс істейді. Бұл қалыпты жағдай», – деді ведомство өкілі.

Қазақстанда қазірдің өзінде үш ірі мобильді оператор, сонымен бірге халыққа байланыс қызметтерін көрсететін 70-тен астам оператор жұмыс істеп тұр. Яғни қала мен өңірлердегі азаматтарға оператор таңдау барысында барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Комитет басшысы болашақта төртінші оператордың пайда болуы инфрақұрылымның жақсаруына, қызметтің қолжетімділігіне және тарифтердің төмендеуіне әкелуі тиіс екенін айтты.

Айта кетейік, Қазақстан мобильді байланыс бағасы да өсіп жатыр. 2026 жылғы шілдеде мобильді байланыс қызметтері бір жылда 7,6%-ға қымбаттаған.

Сондай-ақ оқыңыз