Кәсіпкерлердің QR төлем комиссиясы өзгеруі мүмкін

Қолма-қол ақшасыз төлемдерге салынатын салықты алып тастау ұсынылды. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов өзгеріс қабылданса, кәсіпкерлер банктер белгілейтін төлем комиссия тұрғысынан жанама әсерді сезінуі мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Жоба Үкімет жанындағы жобалық кеңседе қаралып, тұжырымдамалық тұрғыда қолдау тапқан. Ұсыныстың негізгі мақсаты – әртүрлі қолма-қол ақшасыз төлем түрлеріне бірдей жағдай жасау және салықтық әкімшілендіруді жеңілдету.
Ұлттық банк орынбасарының айтуынша, өзгерістің кәсіпкерлер комиссиясына нақты әсерін алдын ала есептеу қиын. Себебі комиссия мөлшерін әр банк өзі белгілейді және оның құрамына бірнеше төлем кіреді. Олардың қатарында төлем жүйесінің комиссиясы, interchange және банктің өз комиссиясы бар.
«Кәсіпкер үшін комиссияны, біріншіден, әр банк өз бетінше белгілейді. Екіншіден, ол бірнеше құрамдас бөліктен тұрады. Сондықтан бұл өзгерістің әсері әр банкке қарай әртүрлі болады», – деді Жәленов Үкіметте өткен брифингте.
Сонымен қатар ол реттеуші кәсіпкерлердің тарифтік жүктемесін төмендету бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның мәліметінше, 2022–2023 жылдары бизнес үшін төлем комиссиялары орта есеппен 2–2,5% болса, қазір банктерге қарай 1–1,5% аралығында тұр.
Бұған қоса, бірыңғай QR секілді төлем шешімдерінің дамуы нарықтағы бәсекені күшейтіп, кәсіпкерлердің шығынын азайтуға ықпал етуі мүмкін.
Ұсынылған өзгерістер тиісті заң жобасы арқылы заң шығарушы органның қарауына енгізіледі. Нақты шешім Құрылтайдағы рәсімдерден кейін қабылданады.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда криптовалютамен QR-код арқылы төлем жасауға болады