2027 жылдан бастап компаниялардан түсетін қоңыраулар таңбаланады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
2027 жылдан бастап компаниялардан түсетін қоңырауларға міндетті таңбалау енгізіледі
2027 жылдан бастап қоңырауларға міндетті таңбалау енгізіледі \ коллаж: kursiv.media

2027 жылдан бастап Қазақстанда банктерден, мемлекеттік органдар мен қызмет көрсететін компаниялардан түсетін ресми қоңыраулар міндетті таңбаланды. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков айтты, деп жазады Kursiv.Media.

Айтуынша, тиісті заңнамалық түзетулер қабылданып қойған, олардың бір бөлігі күшіне енді.

«Қазір министрлік байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын әзірлеп жатыр. Онда бұл жүйенің қалай жұмыс істейтіні және кейбір техникалық тұстары айқындалады», – деді ол.

Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі таңбалауды 2026 жылдың қыркүйек-қазан айларында енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған болатын. Алайда қазір байланыс операторларының өтініші бойынша мерзім кейінге шегерілді.

«Операторлар таңбалауды 2027 жылдың бірінші тоқсанында енгізу туралы өтініш білдірді. Қазір біз мұны қарастырып жатырмыз. Қазан айының ортасына дейін министрдің бұйрығына қол қойылып, нақты мерзімдері көрсетіледі деп ойлаймын», – деді Дамир Сейсембеков үкіметте өткен брифинг барысында.

Қоңыраулар қалай таңбаланады?

Қоңырауларды міндетті таңбалау арқылы азаматтар өздеріне кім хабарласып отырғанын көре алады. Яғни, абонент оған банк, медициналық ұйым, дүкен немесе басқа да бизнес өкілі хабарласып тұрғанын көруге мүмкіндік алады.

Мұның арқасында қазақстандықтар нақты ұйымдардың қоңырауларын бейтаныс және әлеуетті алаяқтардың нөмірлерінен ажырата алады.

Заңды тұлғалардың қоңырауларын міндетті түрде таңбалауды енгізу жоспары шілде айының соңында белгілі болған еді.

Сондай-ақ оқыңыз