Сыртқы саудадағы ірі 20 тауар анықталды (инфографика)

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
сыртқы сауда / фото: Kursiv Media

Қазақстан жеті айда әлем елдерімен $87,7 млрд-тың саудасын жасады. Бір қызығы, елдің сыртқа сататын тауарлары бірнеше шикізатқа қатты тәуелді болса, импорт әлдеқайда әркелкі. Мәселен, экспорттың жартысына жуығы бір ғана мұнайға тиесілі, ал импорттағы ең ірі тауардың үлесі небәрі 3,2%.

Kursiv.Media Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы қаңтар–шілдедегі сыртқы сауда деректеріне сүйеніп, Қазақстан шетелге ең көп сататын және сырттан ең көп сатып алатын 20 тауарды зерттеп көрді. Жеті айда экспорт $50,9 млрд, импорт $36,9 млрд болды. Жалпы сыртқы сауда былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,7% өскен.

Экспорт: мұнай әлі де бірінші орында

Қазақстан экспортының негізін бұрынғыдай шикізат құрайды. Жеті айда ел шетелге $24,5 млрд-тың шикі мұнайын сатқан. Бұл Қазақстанның бүкіл экспорт түсімінің шамамен 48%-ына тең. Яғни экспорттан түскен әр екі доллардың біріне жуығы мұнайдан келген.

Екінші орында тазартылған мыс пен мыс қорытпалары тұр – $3,38 млрд. Одан кейін радиоактивті элементтер мен изотоптар, негізінен уран өнімдері, сондай-ақ мыс кені мен ферроқорытпалар орналасқан.

Қазақстан экспорттайтын TOP-20 тауар

2026 жылғы қаңтар–шілде
1
Мұнай качалкасы
Шикі мұнай
$24,51 млрд
2
Мыс
Тазартылған мыс және мыс қорытпалары
$3,38 млрд
3
Уран
Радиоактивті элементтер мен изотоптар
$2,44 млрд
4
Мыс кені
Мыс кендері мен концентраттары
$2,33 млрд
5
Ферроқорытпа
Ферроқорытпалар
$1,21 млрд
6
Бидай
Бидай және меслин
$1,12 млрд
7
Күміс
Күміс
$884,0 млн
8
Күкірт
Күкірт
$862,8 млн
9
Газ
Мұнай газдары және өзге газ тәрізді көмірсутектер
$621,5 млн
10
Күнбағыс майы
Күнбағыс, мақсары және мақта майы
$601,8 млн
11
Банкноттар
Банкноттар, маркалар және бағалы қағаздар
$539,1 млн
12
Мал азығы
Мал азығына арналған өнімдер
$509,6 млн
13
Темір кені
Темір кендері мен концентраттары
$490,5 млн
14
Болат
Ыстықтай илектелген темір және болат прокаты
$427,0 млн
15
Көмір
Көмір
$419,9 млн
16
Алтын
Алтын
$407,4 млн
17
Алюминий
Шикі алюминий
$360,4 млн
18
Мырыш
Шикі мырыш
$359,1 млн
19
Зығыр
Зығыр тұқымы
$352,7 млн
20
Ұн
Бидай және бидай-қара бидай ұны
$351,2 млн
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы · Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Осы бес тауардың өзіне Қазақстан экспортының шамамен үштен екісі тиесілі. Ал Kursiv Media есептеген TOP-20 тауар жалпы экспорттың шамамен 83%-ын құрайды. Бұл елдің экспорттық түсімі әлі де тауарлардың салыстырмалы түрде шағын тобына тәуелді екенін көрсетеді.

Сонымен бірге алғашқы жиырмалықта ауыл шаруашылығы өнімдері де бар. Бидай экспорты жеті айда $1 млрд-тан асты және жалпы тізімде алтыншы орынға шықты. Күнбағыс, мақсары және мақта майы да алғашқы ондыққа кірді. Одан бөлек Қазақстан шетелге зығыр тұқымын және ұнды едәуір көлемде сатып отыр.

Металдардың үлесі де жоғары. Алғашқы жиырмалықтан мыс, күміс, темір кені, алтын, алюминий мен мырышты көруге болады. Көмір мен күкірт те Қазақстанның ірі экспорттық тауарларының қатарында.

ҰСБ дерегінше, Қазақстан экспорты бір жылда 15,8% өскен. Елдің негізгі экспорт нарықтары – Қытай, Италия, Ресей, Түркия, Нидерланд және Франция. Қытайға жалпы экспорттың 18%-ы, Италияға 17,7%-ы жөнелтілген.

Импорт: көліктен телефонға дейін

Импортта мүлде басқа көрініс байқалады. Қазақстанның шетелден сатып алатын тауарлары бір ғана өнімге тәуелді емес. TOP-20 тауардың өзі бүкіл импорттың шамамен 32%-ын ғана құрайды.

Жеті айдағы ең ірі импорттық тауар – жеңіл автомобильдер. Қазақстан сырттан шамамен $1,18 млрд-тың жеңіл көлігін әкелген. Бірақ оның бүкіл импорттағы үлесі небәрі 3,2%.

Екінші орында телефондар мен байланыс жабдықтары тұр. Олардың импорты $1 млрд-тан асты. Ал алғашқы үштікті дәрі-дәрмек түйіндейді.

Қазақстан импорттайтын TOP-20 тауар

2026 жылғы қаңтар–шілде
1
Жеңіл автомобиль
Жеңіл автомобильдер
$1,18 млрд
2
Телефон
Телефондар және байланыс жабдықтары
$1,01 млрд
3
Дәрі-дәрмек
Дәрі-дәрмек
$952,8 млн
4
Газ
Мұнай газдары және өзге газ тәрізді көмірсутектер
$901,5 млн
5
Генератор
Электр генераторлық қондырғылар мен түрлендіргіштер
$837,1 млн
6
Көлік шанағы
Автомобиль шанақтары мен кабиналары
$805,7 млн
7
Автобөлшектер
Автокөлік бөлшектері мен керек-жарақтары
$712,6 млн
8
Мұнай өнімдері
Мұнай өнімдері
$680,9 млн
9
Турбина
Турбореактивті, турбовинтті қозғалтқыштар және газ турбиналары
$522,7 млн
10
Компьютер
Компьютерлер және олардың блоктары
$435,2 млн
11
Ұшақ
Ұшақтар, тікұшақтар және ғарыш аппараттары
$420,1 млн
12
Кен жабдығы
Кен мен минералдарды өңдеуге арналған жабдық
$414,6 млн
13
Медициналық препарат
Қан өнімдері және иммунологиялық препараттар
$393,2 млн
14
Экскаватор
Бульдозерлер, экскаваторлар және өзге арнайы техника
$385,8 млн
15
Металл конструкция
Қара металдан жасалған конструкциялар
$384,9 млн
16
Өнеркәсіптік жабдық
Өнеркәсіптік жылу жабдықтары
$347,9 млн
17
Қозғалтқыш
Іштен жанатын қозғалтқыштар
$347,6 млн
18
Пестицид
Пестицидтер, гербицидтер және дезинфекциялау құралдары
$304,8 млн
19
Шина
Жаңа пневматикалық шиналар
$300,3 млн
20
Уран
Радиоактивті элементтер мен изотоптар
$300,0 млн
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы · Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Импорт тізімінде автомобиль саласының салмағы бірден байқалады. Жеңіл көліктерден бөлек, алғашқы ондыққа автомобиль шанақтары мен кабиналары және көлік бөлшектері де кірген. Бұл Қазақстандағы автокөлік өндірісінің сырттан әкелінетін жинақтаушы бөлшектерге сұранысын да көрсетеді.

Тағы бір ірі бағыт – энергетика мен өнеркәсіпке арналған жабдықтар. Электр генераторлық қондырғылар, газ турбиналары, кен өңдеу жабдықтары, экскаваторлар мен өзге арнайы техника импорттың ірі баптарына айналған.

Компьютерлер де алғашқы ондықта. Бұдан бөлек Қазақстан ұшақтар мен тікұшақтарды, медициналық препараттарды, шиналарды және өнеркәсіптік жабдықтарды көп сатып алған.

Импорт жеті айда бір жыл бұрынғыдан 4,3% көбейді. Қазақстанға тауар ең көп Ресей мен Қытайдан келеді: осы екі елдің жиынтық үлесі бүкіл импорттың 60%-ынан асады. Одан кейін Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея және Түркия орналасқан.

Жалпы жеті айда Қазақстан сыртқа сатқан тауарынан сырттан сатып алғанынан шамамен $14 млрд артық түсім алды. Алайда экспорт пен импорт құрылымының айырмасы анық: экспортта мұнай, металдар мен уран басым болса, импорт көлік, электроника, дәрі-дәрмек және түрлі өндірістік жабдықтар арасында бөлінген.

Сондай-ақ оқыңыз