Қазанда ұшақтарда интернет пайда болады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
авиация
Фото: shutterstock

Қазақстанда бортында интернеті бар алғашқы ұшақтар қазан айында пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді деп хабарлайды Kursiv Media.

Тамыз айында министрлік Air Astana өкілдерімен және америкалық Viasat компаниясымен кездесу өткізіп, бортында Wi-Fi желісін іске қосу мәселесін талқылаған.

«Мемлекет тарапынан қажетті заңнамалық түзетулер қабылданды. Маусымда президент Жарлығы шықты, сондықтан ұшақтарда интернетті іске қосуға енді құқықтық кедергілер жоқ», – деді Сейсембеков.

Әуе кемелерін желіге қосу үшін Viasat және OneWeb компанияларының шешімдері қарастырылмақшы.

«Бортында интернеті бар алғашқы ұшақтар қазан айында пайда болады деген болжам бар. Толығырақ ақпарат кейінірек ұсынылады», – дейді ол.

Wi-Fi желісі билет құнына кіре ме, әлде жолаушылар бөлек төлей ме – бұл жағы да белгісіз. Түпкілікті шарттарды әуе компаниясының өзі жариялауы тиіс.

Бұған дейін шілдеде Air Astana интернетті пилоттық режимде сынақтан өткізбекші екенін, технология биыл төртінші тоқсанда енгізілетінін хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз