Қазақстандықтар 11 елде QR-код арқылы сауда жасай алады: бастама қашан іске қосылады

Қазақстан Ұлттық банкі 11 мемлекетпен QR-код арқылы трансшекаралық төлемдерді іске қосу мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Ұлттық банк төрағасынын орынбасары Бинұр Жаленов айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Айтуынша, QR-код арқылы сауда жасай алатын елдердің қатарында Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Қырғызстан және Үндістан елдері бар. Әр ел үшін төлем жүйелерін біріктіру бойынша жеке жол картасы әзірленген.
«Біз пысықтап жатқан тізімде 11 мемлекет бар. Барлығын атамаймын, алайда олардың қатарында Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан бар. Осы елдердің әрқайсысымен тиісті жол картамыз бар», – деді Бинұр Жаленов.
Төлем жүйесін іске қосу мерзімі әртүрлі болады. Кейбір елдермен сынақтан өткізу және пилоттық жоба жыл соңына дейін басталады. Атап айтқанда, мұндай жұмыстар Қытаймен жоспарланған.
«Егер тестілеу мен пилоттық жоба сәтті өтсе, келесі жылдың өзінде-ақ қазақстандықтар кез келген банктің қосымшасы арқылы Қытайда QR көмегімен төлем жасауға мүмкіндігі болады, және керісінше, – деді ол.
Басқа елдермен интеграциялау ұзақырақ уақыт алуы мүмкін.
«Кей елде бұл келесі жылға жоспарланған, ал кейбірінде үрдіс ұзағырақ, тіпті екі жылға дейін созылуы мүмкін. Барлық 11 мемлекет немесе әлі де қосылатын басқа елдер бойынша нақтырақ көрініс пайда болған кезде, біз міндетті түрде қосымша ақпарат береміз, – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Сонымен бірге елде мобильді төлемдердің банкаралық жүйесіне жаңа сервистер қосу жоспарланып отыр. Жүйе арқылы банктер арасында мобильді нөмір бойынша ақша аударуға болады.