Тоқаев Кореяны Қазақстанда бейбіт атом энергетикасын дамытуға шақырды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Ақорда

Қазақстан Кореямен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, атом энергетикасы, сирек металдар және жоғары технологиялар саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Корея тарапына осы бағыттарда өзара тиімді серіктестік орнатуды ұсынды. Бұл туралы президент екі елдің іскерлік топ өкілдері қатысқан қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында мәлімдеді.

Сирек металдар саласында жаңа жобалар ұсынылды

Тоқаев бірлескен жобалардың негізгі бағыттарының бірі ретінде аса маңызды минералдар мен сирек металдарды игеруді атады. Қазақстан инвесторларға толыққанды қосылған құн тізбегін қалыптастыру үшін «ресурстар – технологиялар – өнеркәсіп» моделін ұсынады.

Бұл бағыттағы маңызды қадам ретінде Алматыда сирек және сирек жер металдары саласындағы технологиялық ынтымақтастық орталығын құру жоспарланып отыр.

Қазақстан Кореямен атом энергетикасында жұмыс істеуге дайын

Сөз барысында энергетика саласына да ерекше назар аударылды. Тоқаев кореялық Hyundai Engineering компаниясы Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салуға қатысып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар Президент мұнай-химия, жаңартылатын энергия көздері және атом энергетикасы салаларында екі елдің серіктестігін кеңейтуге мүмкіндік бар екенін айтты.

«Әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда мол әлеуетке ие. Әлемдік энергетика секторында шағын модульді реакторлардың маңызы зор. Бізге де осыған айрықша мән берген жөн. Қазақстан Кореямен осы салада өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға әзір», – деді Тоқаев.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының премьер-министрі Хан Сон Сукпен кездесті. Мемлекет басшысы оны жуырда премьер-министр қызметіне тағайындалуымен құттықтап, жаңа қызметіне табыс тіледі.

Сондай-ақ оқыңыз