Қазақстан банктері орта бизнеске 1,9 триллион теңге несие берген

Елде орта бизнеске берілетін несие көлемі 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында айтарлықтай өсті. 6 ай ішінде орта кәсіпке берілген жаңа несиенің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56,2%-ға артып, 1,9 триллион теңгені құрады. Мұндай деректерді Қаржыгерлер қауымдастығының аналитикалық орталығы келтірді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
2026 жылдың алғашқы алты айында орта бизнес қарыз алу үшін 10,3 мың өтінім беріп, өткен жылғы көрсеткіштен 4,1%-ға асып түсті. Сонымен бірге мақұлданған өтінімдердің де үлесі артты. Орташа конверсия 33,8%-дан 38%-ға дейін өсті.
Орта бизнесті қаржыландыруға сұраныс неге артты
ҚҚА мәліметінше, кәсіпорындардың несие сұрауын арттыруына басты екі жағдай әсер етті. Біріншіден, зауыттар мен дүкендер жұмысын кеңейтіп, өндіріс пен сауданы дамытуға тырысып жатыр. Екіншіден, банктердің өңірлерде белсенді жұмыс істеуі және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бизнеске ақша алуды жеңілдетті.
Сұраныстың артуы мен конверсияның жақсаруы аясында орта бизнеске берілген жаңа займдардың көлемі жылдық есепте 56,2%-ға өсіп, 1,9 трлн теңгені құрады. Бұл ретте жалпы бизнес бойынша берілген қарыздар 20,7%-ға өскен.
Нәтижесінде, барлық бизнеске берілген жалпы несиенің ішінде орта кәсіпорындардың үлесі 12,8%-дан 16,6%-ға дейін өсті
Несиелендірудің өсуі қарыз қаражаты құнының қымбаттауымен қатар жүрді. Орта бизнес үшін орташа мөлшерлеме 18,3%-дан 19,7%-ға дейін өсті. Алайда бұл көрсеткіш жалпы бизнес бойынша несиелердің орташа мөлшерлемесінен (22%) төмен күйінде қалды.
Екінші тоқсанда бірқатар банктер базалық мөлшерлеменің өзгеруіне байланысты қарыз құнын төмендете бастады, ал басқалары қорландыру құнының жоғары болуына байланысты бұрынғы шарттарды сақтап қалды.
ҚҚА екінші жартыжылдықта орта бизнес озық қарқынмен өсу әлеуетін сақтап қалады деп есептейді. Себебі, қаржыландыруға деген сұраныс артып, мақұлдау үлесі өсіп келеді.
Оқи отырыңыз: Соңғы 12 айда кәсіпкерлер банктерден 22 трлн теңге қарыз алған