Көшпенділер ойындары: АҚШ ковбойлары көкпарды қалай меңгерген (видео)

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек арасында өтті. KursivMedia түсірілім тобы Қырғызстанға барып, ойынға қатысқан спортшылармен, шетелдік туристермен және жергілікті тұрғындармен сөйлесті. Соның бірі көк бөрүге қатысқан АҚШ азаматы – Жейс Нисвета. АҚШ құрамасы бұған дейін Астанада өткен көшпенділер ойындарына да қатысқан.
Айтуынша, ковбойлар көкпар мен көк бөрүні үйрену үшін Қырғызстанға арнайы келіп жүрген.
«Келген сайын жаңа нәрсе үйренемін. Мысалы, серкенің салмағы шамамен 75 фунт, яғни 35 келіге жуық екенін білдім. Алғаш келгенімде оны тіпті көтере алмадым, тақымға қалай қысатынын да түсінбедім. Біз тұратын фермада немесе ранчода көбіне арқан қолданамыз. Мысалы, сиырды арқанмен ұстап, жерге құлатамыз. Жердегі бір нәрсені еңкейіп барып қолмен көтеруге үйренбегенбіз. Сондықтан мұндай тәсіл америкалық ковбойлар үшін өте жат», – дейді Жейс Нисвета.
Сөзінше, Орталық Азиядағы ер-тұрманның АҚШ-тағы ат әбзелдерінен айырмашылығы бар.
«Аттың ауыздығы да екі түрлі. Тіпті мұндағы аттардың шабуы да өзгеше. Олар әуелден көкпарға дайындалғандықтан, бастарын жоғары көтеріп шабуға үйренген. Ал бізде керісінше, аттың басын еркін жіберуге тырысамыз», – дейді ол.
Италиядан көлікпен келген зейнеткерлер
Көшпенділер ойындарына арнайы барғандардың ішінде 70 жастағы Marina Cioccoloni бар. Зейнеткер күйеуімен бірге арнайы көлікке отырып 21 шілдеде жолға шыққан. Италиядан жолда Австрия, Богемия, Беларусь, Польшаға барып, кейін Беларусь арқылы Ресейге, одан соң Қазақстанға жеткен. Алматы мен Астананы аралап, Қырғызстан астанасы Бішкекке барған. Осы тұста әлемді аралап жүрген әйелден Қазақстан туралы ойын сұрадық.
«Астана — тамаша қала, Алматы да ұнады. Табиғаты керемет. Қайыңды, Көлсай көлдеріне бардық. Адам таңқалатын табиғаты бар екен», – дейді ол.
Енді ерлі-зайыпты Маңғыстау өңіріне барғысы келеді.
Туристердің көңіл күйі
Көшпенділер ойындарына жүзден аса елдің спортшылары қатысты, соған сәйкес жанкүйерлер де әлемнің әр бұрышынан келді. Алдымыздан шыққандардың бірі – француз жастары. Олар әндетіп, думандатып жүр екен. Еуропалық жастардан көшпелі мәдениет, Орталық Азияға сапары туралы сөзге тарттық.
«Мұнда біз мүлде білмейтін, естімеген, Еуропада мүлде жоқ спорт түрлері бар екен. Спорт түрлерімен қатар қаншама елдің осы жарыстарға қатысып жатқаны қызық. Бұл спорттағы нағыз fair play — әділ бәсеке қатты ұнайды», – дейді бірі.
Енді бірі жергілікті мәдениеттен бөлек тағамдарға таң қалған. Көпшілігі жылқы етін жеп көріп жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 74 медаль, оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола алды.