Тоқаев пен Корея президенті стратегиялық серіктестікті нығайту мәселесін талқылады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Тоқаев пен Корея президенті стратегиялық серіктестікті нығайту мәселесін талқылады / Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Ли Чжэ Мёңмен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Кездесуде тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін атап өтіп, сапар барысында жалпы құны 19 млрд доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылғанын айтты. Сондай-ақ, Қазақстанда корейлік компаниялар үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын жеткізді.

«Екіжақты қарым-қатынасқа тоқталсақ, сапар барысында 19 миллиард долларды құрайтын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Корей инвесторларының жұмысына көңіліміз толады, алдағы уақытта да осы бағыттағы байланыстарды жалғастырамыз. Қонақ үй, мұнай өңдеу зауытын салу және қала құрылысы бойынша жақсы жоспарларымыз бар. Әсіресе, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ден қоямыз», – деді мемлекет басшысы.

Президенттер Алатау қаласын дамыту және білім-ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне де тоқталды. Атап айтқанда, Алатау қаласында Кореяның KAIST институтының филиалын ашу жоспарланып отыр.

Кездесуде генерал Хон Бом Доның тарихи мұрасы да сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев оның сүйегін тарихи отанына қайтару Қазақстан үшін маңызды міндет болғанын атап өтті.

Ли Чжэ Мёң өз кезегінде Қазақстанға және қазақ халқына алғысын білдірді.

«Корея тарихында айрықша орны бар және қиын-қыстау кезеңде халқына қорған болған генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтару жөнінде шешім қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Қазақ халқы кезінде жер аударылған корейлерге пана болды. Осы орайда Сізге және қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз», – деді Ли Чжэ Мёң.

Корея президенті Қазақстанды экономикалық қауіпсіздік саласындағы маңызды серіктес деп атап, жоғары технологиялар мен цифрландыру бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді.

Келіссөз қорытындысында тараптар стратегиялық серіктестікті жаңа мазмұнмен толықтырып, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

Сондай-ақ оқыңыз