Алматы полициясы прокурор қатысқан жанжал туралы ақпаратқа түсініктеме берді

Алматы полициясы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының қызметкері қаладағы мейрамханалардың бірінде қоғамдық тәртіпті бұзды деген ақпарат бойынша тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Кursiv.Media.
15 қыркүйекте әлеуметтік желіде Еңбекшіқазақ ауданының аға прокуроры Алматыдағы ойын-сауық орындарының бірінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Жазбаларда оқиға 5 қыркүйекте болғаны, прокурордың мас күйінде жанжал шығарып, полиция қызметкерлеріне бағынбағаны және кейін полиция басқармасына жеткізілгені айтылған.
Әлеуметтік желідегі мәліметтерге сәйкес, прокурорға қатысты процессуалдық шара қолданылмаған және ол босатылған. Бұл ақпаратқа Алматы қаласы Полиция департаменті түсініктеме берді.
Полиция аталған оқиға бойынша кезекші бөлімге қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде жанжал болғаны туралы хабар түскенін растады.
«Оқиғаға қатысушылар Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі таңда аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция.