Польша елшісі Михал Лабенда «қыркүйек-қыргүйек» дауына қатысты пікір білдірді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
instagram.com/polonia_elshi, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Польшаның Қазақстандағы елшісі Михал Лабенда «қыркүйек-қыргүйек» дауына пікір білдірді, деп хабарлайды Kursiv.media.

Ол қазақ тілінде еркін ойын жеткізеді. Елші 9-айдың атауын «қыркүйек деп жазамыз ба, әлде, қыргүйек деп жазамыз ба?» деп дауласып жүрген қазақтарға кеңес берді.

«Қыркүйек пе, қыргүйек» пе? Қалай жазу керек?» – деп, жақында менен біреу сұрады. «Кешіріңіз, мен қарапайым тіл пайдаланушымын. Мамандар қыркүйек деп айтса, мен қыркүйек деп жазамын. Ал «қыргүйек» деп жазса, солай жазамын», – деді елші.

Михал Лабенданың пікірінше, тіл – тірі ағза. Сондықтан өзгерістер пайда болады.

«Бірақ ол өзгерістер туралы мен ешқандай шешім қабылдамаймын. Менен ақылды адамдар шешім қабылдаса, бағаламаймын – бағынамын», – деді елші.

Айта кететін жайт, Михал Лабенда әлеуметтік желідегі парақшасын тек қазақ тілінде жүргізеді. Елші 1990-жылдары алмасу бағдарламасымен Қазақстанға келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқып, жатақханадағы достарынан қазақ тілін үйренген.

«Қыркүйек-күргүйек» дауы биік мінберлерде талқыланып жатыр. Вице-президент Ерлан Қарин де, тіпті оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға дейін пікір білдірген. Осы даудан соң қазақ тілінің Орфографиялық сөздігі қайта әзірленіп, жаңадан басылып шығатын болды.

Сондай-ақ оқыңыз