Ғылымға бөлінген әр теңгенің қайтарымы болуы керек – депутат

«Әділет» партиясының фракциясы ғылымға бөлінген бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын, ел экономикасына тигізетін нақты әсерін бағалауды ұсынды. Бұл туралы депутат Тілектес Адамбековnтың Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жолдаған депутаттық сауалында айтылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары мемлекет тарапынан ғылым саласына көрсетілген қолдау едәуір артқан. Үкімет мәліметтеріне сүйенсек, соңғы алты жылда бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есе өсті. Осылайша, ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар 121,5 млрд теңгеден 260 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
Дегенмен, ғылымға құйылған орасан зор инвестицияға қарамастан, оның экономикаға тигізетін нақты әсері туралы ақпарат әлі де ашық емес. Қазіргі таңда зерттеу жұмыстарының шамамен 80%-ы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып отыр.
«Бюджет тапшылығы жағдайында қаржыландыру көлемі мен іске асырылған жобалардың саны ғана емес, мемлекет салған инвестициялардың нақты қайтарымын бағалау аса маңызды», – деп атап өтті депутат.
Сауалда министрліктен ғылымға бөлінген әрбір теңгенің экономикалық қайтарымын ашып көрсету сұралды.
«Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға бағытталған әрбір теңге бюджет қаражатына қандай көлемде экономикалық әсер, қосылған құн, салықтық түсім немесе экспорттық кіріс әкелді?», – деп сауал жолдады депутат.
Сонымен бірге депутат мемлекет ақшасы құрғақ зерттеулерге емес, «ғылым – білім беру – өндіріс» интеграциясы арқылы ел экономикасын дамытуға нақты қызмет етуі тиіс екенін жеткізді.
Бұған дейін саясаттанушы Марат Шибұтов ғылым саласына бөлінген қомақты қаражатқа қарамастан, салада нақты жаңашылдық байқалмай отырғанын айтқан еді.