Депутат құрылысқа бақылау жүргізетін арнайы жүйе енгізуді ұсынды

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясы депутаттары құрылыс саласына бағалау жүргізу қажет екенін мәлімдеп, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа сауал жолдады, деп хабарлайды KursivMedia.
Депутат Наурыз Сайлаубай жаңа пәтерлердің өзінде кемшіліктер анықталатынын айтып, бақылау неге құрылыс сатысында жүргізілмейтінін сұрап отыр. Осы тұста бақылаушы органдағы мүдделер қақтығыс мәселесін көтерген.
«Қазір өңірлік деңгейдегі мемлекеттік құрылысты жүргізу мен бақылауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Дәл осы органдар аумақтарды дамытуға, қала құрылысы саясатына, құрылыс және тұрғын үй жобаларын іске асыруға жауап береді», – дейді депутат.
Сол себепті мүдделер қақтығысына жол бермейтін жүйе құрылуға тиіс деп санайды.
«Құрылыс саласына объективті бағалау жүргізу қажет. Қолданыстағы жүйе заң бұзушылықтардың алдын алуға қаншалықты мүмкіндік береді? Құрылысты бақылауы қаншалықты тәуелсіз болып отыр? Неге кейбір елеулі проблемалар адамдар пәтерлерін алғаннан кейін ғана анықталады?», – делінген сауалда.
Депутат азаматтар баспанасының сапасына қатысты мәселені пәтерді сатып алғаннан кейін барып анықтамауы қажет деп есептейді. Сол үшін мемлекет мәселенің құрылыс кезеңінде анықталып, жойылуын қамтамасыз етуге тиіс.
Айта кетейік, Астанада Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін қозғалған іс бойынша сот өтіп жатыр. Фельдшер келіншектің қайтыс болғанына тоғыз айға жуық уақыт өтті. Кірпіштен салынған үйдің опырылып түскен қасбетінің орны пенопласпен қапталған. Үй тұрғындары тоғыз айдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніне наразы.