Бақытжан Базарбек сияқты әйеліме жұмысқа шық демедім – Айдос Сарым

Құрылтай депутаты Айдос Сарым депутаттардың жалақысы еңбек өтілі мен қызметтегі жылдарына байланысты әртүрлі болатынын түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Депутаттардың айлығы шамамен 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін жетеді.
«Еңбек өтіліне, қызметтегі жылдарына байланысты жалақы мөлшері әртүрлі. Ғылыми дәрежеңіз бен атақтарыңыз да ескеріледі. Мысалы, бұрын генерал немесе елші болған болсаңыз, тиісті үстемақы қарастырылады», – деді Айдос Сарым.
Депутат өзінің жалақысы 1 миллион теңгеден сәл төмен екенін айтты.
«Менің жалақым миллион теңгеден сәл төмен, нақты сомасы есімде жоқ. Осында отырып жұмыс істеп жүргеніме қарағанда, әзірге жетіп жатыр», – деді депутат.
Сондай-ақ Айдос Сарым отбасындағы табысқа қатысты әзілдеп, Бақытжан Базарбек сияқты әзірге әйелін жұмысқа шығуға мәжбүрлемегенін айтты.
Экс-депутат Бақытжан Базарбек кезінде депутаттың жалақысы жетпеген соң, әйелінен жұмыс істеуді өтінгенін айтқан еді.