Тамаққа ақша жетпейді: ауыл мен қала халқының қайсысы көбірек қиналады

Қазақстанда ауыл тұрғындары қалалықтарға қарағанда азық-түлік тапшылығына жиірек тап болады. 2026 жылғы зерттеу нәтижесіне сәйкес, ауылда тұратындардың 1,8%-ы азық-түлік болмағандықтан тамақсыз қалған, ал қалада бұл көрсеткіш 0,9% болған.
Табысы төмен азаматтар азық-түлік тапшылығына жиі тап болады
EnergyProm зерттеуі бойынша әлеуметтік аз қамтылғандардың 82,6%-ы азық-түлік жетіспей қалуы мүмкін деп алаңдаған. Олардың 69,1%-ы сатып алатын азық-түлік түрлерін шектеуге мәжбүр болған, ал 65,9%-ының үйіндегі тамағы таусылған.
Бұл топтың 49,2%-ы дұрыс әрі құнарлы тамақтануға мүмкіндігі болмаған. 48,4%-ы тамақты азайтқан немесе мүлде жемеген.
Ал өзін тұрмысы орташадан төмен деп бағалағандар арасында да көрсеткіштер ел бойынша орташа деңгейден әлдеқайда жоғары. Мәселен, 37,8%-ы азық-түлік жетіспеуінен алаңдаса, 34,3%-ы азық-түлік таңдауын шектеген.
Сонымен бірге бұл санаттарға жататындардың үлесі аз. Сауалнамаға қатысқандардың 0,1%-ы өзін аз қамтылған, 1,7%-ы орташадан төмен деп бағалаған. Көпшілік – 70,1% – тұрмыс деңгейін орташа деп көрсеткен.
Ауыл тұрғындары арасында көрсеткіш жоғары
Азық-түлік тапшылығы ауыл тұрғындары арасында қалаға қарағанда жиірек байқалады. Азық-түлік тапшылығына алаңдағандар ауыл тұрғындарының 3,7%-ын, қала халқының 3,3%-ын құраған.
Ауылда тұратындардың 1,9%-ы ас ішпесе, қала тұрғындарында бұл көрсеткіш 1,1% болған. Тамақты қажетті мөлшерден аз жеуге мәжбүр болғандар тиісінше 2,2% және 1,5%. Ал ашығып, тамақ іше алмағандар үлесі ауылда 1,8%, қалада 0,9% болған.
Азық-түлік бағасы да қымбаттап жатыр
Бұл жағдай азық-түлік бағасының өсуімен қатар жүріп отыр. 2026 жылғы тамызда Қазақстанда азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 9,5%-ға өскен.
Ең жоғары өсім Ұлытау облысында – 11,7%, Жетісу облысында – 11,4%, Ақмола облысында – 11% тіркелді.
Азық-түлік санаттарының ішінде ет 13,3%-ға, сүт өнімдері 13%-ға, балық пен теңіз өнімдері 12,3%-ға, макарон өнімдері 12,2%-ға қымбаттаған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында азық-түлікке жұмсалған шығын халықтың барлық ақшалай шығынының 48,6%-ын құраған.
Айта кетейік, Қазақстанда тамыз қорытындысында жылдық инфляция 9,8% болды. Шілдеде көрсеткіш 10,2% еді. Бір жылда азық-түлік бағасы 9,5%, азық-түлік емес тауарлар 11,4%, ақылы қызметтер 8,9%-ға қымбаттады.