Экс-банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықты

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің аға журналисі
Жомарт Ертаев бостандыққа шықты, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда бірқатар банктің топ-менеджері болған Жомарт Ертаев бостандыққа шықты. Бұл туралы журналист Михаил Козачков Telegram каналында жазды.

Журналистің жазуынша, Ертаевтың жаза мерзімі аяқталды.

ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі ақпаратты KursivMedia тілшісіне растады. Банкир енді алты жыл бойы бақылауда болады.

Босап, қайта қамалды

Алатау қаласы соты 2025 жылдың 2 қыркүйегінде Ертаевты рақымшылық аясында босатқан. Өтелмеген жаза мерзімі ретінде 11 ай 16 күн қалғанын көрсеткен. Алайда апелляция сатысында өтелмеген жаза мерзімінің қате есептелгені анықталған. Соған байланысты бостандыққа шықпайтын болды.

Жомарт Ертаев 2020 жылғы 16 қарашадағы және 2021 жылғы 3 наурыздағы екі үкім негізінде сотталған. 2021 жылдың 25 маусымындағы Алматы қаласы Алмалы ауданы соты қаулысымен бұл үкімдер жиынтығы негізінде түпкілікті 9 жыл жаза белгіленген.

Жомарт Ертаев не үшін сотталды?

Қазақстандық банкир Жомарт Ертаевқа 2018 жылғы наурызда халықаралық іздеуге жарияланды. Ол 2011-2017 жылдар аралығында қызметін пайдаланып, өзге адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы BANK RBK АҚ-нан 144 млрд теңге жымқыруды ұйымдастырды деген күдікке ілінді.

2018 жылдың мамырында ол Мәскеуде ұсталды. 2019 жылдың 15 наурызында Қазақстанға экстрадицияланды.

Ертаевпен бірге жымқыру ісі бойынша 54 адам күдікті деп танылды. Оның ішінде 40-тан астамы банктің топ-менеджері мен қатардағы қызметкерлер.

2020 жылдың қарашасында Алматы соты Ертаевты Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп таныды. Банкир жалған ЖШС арқылы 80 млн доллардан астам несие алуды ұйымдастырған. Сотта Ертаев кінәсін толық мойындады. Жалпы Bank RBK-тен қаржы жымқыру ісі бойынша барлығы 36 адам сотталды.

Ертаевқа қатысты екінші іс

2021 жылдың наурызында Жомарт Ертаев басқа іс бойынша сотталды. Бұл жолы іс Bank RBK, Qazaq Banki, сондай-ақ Еуразиялық банктен несие қаражатын жымқыру туралы болды. Іс бойынша Bank RBK, «DSFK Арнайы қаржы компаниясы» ЖШС, Qazaq Banki және Еуразиялық банк жәбірленуші деп танылды. Іс 430 томнан тұрды. Сотта Ертаев іске қатысты болғанымен, қылмысты ұйымдастырмағанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз