Марқұм Мадина Рашидқызының анасы немересімен кездесе алмай жүр

Жамбыл облысында 19 жасында қайтыс болған жас келіншек Мадина Рашидқызының анасы немересімен кездесе алмай жүр. Оқиға Меркі ауданы Қызыл қыстау ауылында болған. Жас келіншектің артында он айлық баласы қалды.
Блогер Жан Ахмадиев жариялаған видеоға қарасақ, марқұмның анасы немересін көру үшін құдаларының үйіне барған. Алайда Мадинаның енесі «сот арқылы, рұқсат алып көресіз» деп жауап берген.
Бұған дейін KursivMedia редакциясы да қайғылы оқиға болған ауылға барды. Алайда марқұм Мадина Рашидқызының күйеуі Мадияр Айтмырза іске қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.
Қылмыстық іс қозғалды
Жамблыс облысы полициясы жас келіншектің қазасынан кейін Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, не соған ықпал ету) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Отбасы туралы не белгілі?
Аудан әкімдігі берген ақпаратқа сәйкес, Мадинаның күйеуі Мадияр Айтмырза 2003 жылы туған. Отбасы бұл ауылда бұрыннан тұрады. Мадиярдың ресми жұмысы жоқ, құрылысшы болып жалдамалы жұмыстарды істейді.
Мадиярдың әкесі кісі қайтыс болған жол апатына байланысты қамауда отыр. Ал анасы ауылдағы мектепте еден жуушы болып жұмыс істейді. Мадияр үйінің үлкені, үш бауыры бар.
Көршілерінің айтуынша, ауылдағы үйде Мадияр мен Мадина, анасы және 10 айлық сәбиі тұрған.