ЕуроОдаққа Ормұз бұғазындағы жағдай қанша шығын келтіргені мәлім болды

Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропарламентте Иран төңірегіндегі қақтығыс пен Ормұз бұғазындағы жағдайдың салдарынан Еуроодақ 90 млрд еуро шығынға ұшырағанын айтты, деп хабарлайды Кursiv.Media ТАСС-қа сілтеме жасай отырып.
«Қақтығыс басталғалы бері Ормұз бұғазы арқылы импортталатын қазба отын бізге қосымша 90 млрд еуроға түсті. Бұл ретте біз энергияның бірде-бір қосымша молекуласын алған жоқпыз», – деді ол.
Фон дер Ляйеннің сөзінше, осы жағдайға байланысты Еуроодақ қолжетімді әрі өз ішінде өндірілетін таза энергия көздерін дамытуға күш салуды еселеуі қажет.
Оның қатарында жаңартылатын энергия көздері, атом энергетикасы, биометан және басқа да технологиялар бар.
«Бұл тәуелсіздікке қол жеткізу үшін Еуропаны электрлендіруіміз қажет. 2040 жылға қарай электр энергиясының үлесін екі есеге арттыру – біздің мақсатымыз. Соның арқасында Еуропа қазба отын импортына жұмсалатын шығынды жылына €260 млрд-қа қысқарта алады», – деп есептейді Еурокомиссия басшысы.
Тағы да оқыңыз: ЕуроОдақ Temu-де сатылған өнімдерді қауіпті деп тауып, 200 млн еуро айыппұл салды