Президент техника өндіретін қазақ-корей компаниясын құруды ұсынды

Қазақстан Кореяның сутегі энергетикасын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Одан бөлек екі ел бірлескен компания ашуы мүмкін. Мұны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде айтты.
Корей компанияларына ұсыныс
Президенттің сөзінше, сутегі энергетикасын дамыту бағытында бірқатар бірлескен жоба пысықталып жатыр. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы «Жасыл энергетика кешені».
«Елімізде 33 миллиард тоннаға жуық көмір қоры бар, ал көмірден алынатын қуат электр энергиясы өндірісінің 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Сондықтан «таза көмір» технологиясын енгізуге айрықша басымдық береміз. Корея бизнесін, әсіресе, Doosan, KEPCO E&C және Midland Power компанияларын көмір генерациясын жаңғырту жобаларын бірлесе жүзеге асыруға, сондай-ақ ауаға таралатын зиянды заттарды реттеу технологияларын енгізуге шақырамын», – деді Тоқаев.
Бірлескен компания құру ұсынылды
Одан бөлек президент аса маңызды минералдар саласындағы серіктестікті күшейтуді ұсынды.
«Қазақстанның ресурс базасы айтарлықтай мол. Сирек кездесетін металдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына енеді. Корея стратегиялық санатқа жатқызатын 10 минерал түрінің бәрі де елімізде бар. Қазақстанның ресурс әлеуеті мен Кореяның технологиялық мүмкіндіктерін үйлестіру өзара тиімді ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады», – деді президент.
Енді аса маңызды шикізатты зерттеу мен өндіруден бастап, оны терең өңдеу және одан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға дейінгі тізбек толық қамтылуға тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумулятор, электромобиль мен роботты техника бөлшектерін өндіруге көшу керек.
«Бұл міндетті орындау үшін бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынамыз», – деді президент.
Айта кетейік, Оңтүстік Корея Қазақстанға 12 млрд доллардан астам инвестиция салған.